Ұйым Инфантиноға қарсы ұйымдастырылған науқан жүріп жатқанын айтты
Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) ұйым президенті Джанни Инфантиноның беделіне нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттерге байланысты мәлімдеме жасады.
FIFA 8 тамызда жариялаған мәлімдемесінде Инфантиноға қарсы ұйымдастырылған науқан жүріп жатқанын айтты. Федерация президентке қатысты негізсіз айыптаулар мен расталмаған ақпараттың таралуына алаңдаушылық білдірді.
FIFA-ның пікірінше, ұйым басшылығына қатысты келіспеушіліктер белгіленген демократиялық рәсімдер арқылы шешілуі керек.
«FIFA-ға мүше қауымдастықтардың қолдауына ие емес адамдар айыптау, астарлы мәлімдемелер немесе жалған ақпарат арқылы өз мақсаттарына жетуге тырыспауы тиіс», – делінген федерация хабарламасында.
Инфантиноның айналасындағы дау FIFA-ның халықаралық турнирлерді ішінара жекешелендіру жоспарына байланысты күшейген. Аталған жоба қазіргі уақытта кейінге қалдырылған.
Сонымен қатар FIFA соңғы уақытта ұйым мен оның президентіне қатысты жарияланған материалдардың арасында «расталмаған және анық жалған мәлімдемелер» бар екенін атап өтті.
Бұған дейін британдық The Telegraph басылымы Инфантиноның УЕФА-да жұмыс істеген әйел қызметкердің қызметте жоғарылауына ықпал еткені туралы жазған. Басылым олардың арасында жақын қарым-қатынас болғанын мәлімдеді.
The Telegraph дереккөздерін жарияламаған. Басылымның мәліметінше, аталған қызметкер жұмыстан кеткен кезде алты таңбалы көлемде өтемақы алған. Бұдан бөлек, жылдық құны шамамен 45 мың фунт стерлинг болатын MBA бағдарламасының оқу ақысы да төленген.
FIFA өз мәлімдемесінде мұндай жарияланымдардағы ақпараттың бір бөлігін расталмаған деп атап, Инфантиноның беделіне нұқсан келтіру әрекеттеріне қарсы тұратынын жеткізді.