Жұптың неке келісімінде қандай шарт қойғаны белгілі болды
Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес 11 тамызда Португалияның Кашкайш қаласындағы жеке резиденциясында шағын әрі жабық форматта үйлену тойын өткізген. Португалиялық Jornal de Notícias басылымы жұптың үйлену рәсіміне қатысты бірқатар мәліметті жариялады.
Салтанатты шараға футболшы мен Джорджинаның ең жақын адамдары ғана қатысқан. Олардың арасында Роналдудың «Спортингте» бірге ойнаған кезінен бергі досы Мигель Пайшан, Джорджинаның әпкесі Ивана Родригес, испаниялық зергер Хосе Родригес Санхиль және оның жары Моника Гонсалес Мартинес болған. Сондай-ақ рәсімге жұптың бес баласы да қатысқан.
Басылымның мәліметінше, Роналду мен Родригес мүлікті бөлек иелену режимін таңдаған. Неке келісіміне үйлену тойынан бір күн бұрын Лиссабондағы нотариус кеңсесінде қол қойылған. Бұл келісім ерлі-зайыптылардың некеге дейінгі және некеден кейін жеке иеленген активтерін бөлек сақтауға мүмкіндік береді.
Жұп некеден кейін де өз тегін өзгертпей, тұрғылықты жері ретінде Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядты көрсеткен.
Қызығы, салтанатты рәсімге Роналдудың анасы Долорес Авейру мен әпкелері Эльма және Кати қатыспаған.
Роналду мен Джорджина 2016 жылы Мадридте танысқан. Ол кезде Джорджина Gucci дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген. Бір жылдан кейін олар қарым-қатынастарын көпшілікке алғаш рет ресми түрде көрсеткен.
Бүгінде жұптың бес баласы бар. Олардың ортақ балалары – Алана Мартина мен Белла Эсмеральда. Сонымен қатар олар Роналдудың суррогат анадан туған егіздері Ева мен Матеоны тәрбиелеп отыр. 2022 жылы дүниеге келген ұлы Анхель босану кезінде шетінеп кеткен.
2025 жылғы 11 тамызда, яғни танысқандарына тоғыз жыл толған тұста, Джорджина Роналдумен үйленуге келісім бергенін ресми түрде жариялаған еді.