ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Джамал Мусиала екі рет есінен тануына не себеп болғанын түсіндірді

Бүгін, 10:14

дәрігерлер оған неврологиялық дисфункциядан туындайтын диагноз қойған

Джамал Мусиала екі рет есінен тануына не себеп болғанын түсіндірді
Getty Images

«Бавария» мен Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Джамал Мусиала соңғы күндері алаңда екі рет есінен танып қалуына қатысты жанкүйерлерге арнайы мәлімдеме жасады. Футболшы медициналық тексеруден өткенін және дәрігерлер оның жағдайының себебін анықтағанын айтты.

23 жастағы Мусиала 15 тамызда «РБ Лейпцигке» қарсы жолдастық матч кезінде есінен танып қалған еді. Үш күннен кейін дәл осындай жағдай «Хайденхайммен» кездесуде тағы қайталанды. Екінші оқиғадан кейін футболшы денсаулығына қатысты алаңдаушылыққа өзі жауап берді.

«Ең бастысы – менің жағдайым жақсы. Хабарламаларыңыз бен қолдауларыңыз үшін ерекше алғыс айтамын. Көпшіліктің мен үшін алаңдағанын түсінемін», – деп жазды Мусиала.

Футболшының айтуынша, дәрігерлер оған неврологиялық дисфункциядан туындайтын қысқа мерзімді есін жоғалту диагнозын қойған. Мұндай жағдайлар сырт көзге қауіпті көрінгенімен, емдеуге келеді.

«Маған уақытша есін жоғалту диагнозы қойылды. Олар неврологиялық дисфункциядан туындайды және емдеуге болады. Соңғы уақытта «Лейпциг» пен «Хайденхаймға» қарсы матчтарда болған жағдайлардың себебі де осы. Бір қарағанда қорқынышты көрінуі мүмкін, бірақ қазір бұл менің күнделікті өмірімнің бір бөлігіне айналды», – деді ол.

Футболды тоқтатуға ниетті емес

Мусиала қазір мамандардың тұрақты бақылауында екенін және қажетті медициналық көмекті толық алып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, анықталған жағдайдан бөлек денсаулығына қосымша қауіп жоқ.

Сондықтан футболшы дәрігерлермен кеңескеннен кейін жаттығу мен ойындарды жалғастыру туралы шешім қабылдаған.

«Мен үздік медициналық көмекті алып жатырмын және бәріне оптимистік көзқараспен қараймын. «Бавария» мен жақын адамдарым үнемі жанымда. Ең маңыздысы – бұдан бөлек денсаулығыма қосымша қауіп жоқ. Мамандармен үнемі байланыстамын. Неврологтардың рұқсатымен қалыпты өмірімді жалғастырып, өзім жақсы көретін іспен – футбол ойнаумен айналысуды таңдадым. Бұл шешім үшін жауапкершілікті өз мойныма алдым», – деп түсіндірді Мусиала.

Футболшы қазіргі жағдайын жақсы бағалап, командамен бірге алдағы мақсаттарға жетуге ниетті екенін де атап өтті.

«Өзімді жақсы сезініп жүрмін және дұрыс бағытта келе жатырмын. Маған ең көп көмектесетін нәрсе – командаммен бірге жеңістер мен жүлделерге ұмтылуды жалғастыру», – деді ол.

Сонымен қатар Мусиала бұдан былай денсаулығына қатысты егжей-тегжейлі ақпаратты көпшілікке жарияламай, бұл мәселені отбасы, клуб және дәрігерлер арасында қалдырғысы келетінін жеткізді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам