ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

46 жастағы Роналдиньо футболға қайта оралды

Бүгін, 12:16

«Алтын доп» иегері Италияның «Равенна» клубымен келісімшарт жасасты

46 жастағы Роналдиньо футболға қайта оралды
Getty Sport

Бразилия футболының аңызы Роналдиньо 46 жасында кәсіби футболға қайта оралуға дайындалып жатыр. «Алтын доп» иегері Италияның «Равенна» клубының жаңа ойыншысы ретінде ресми таныстырылды.

Таныстырылым кезінде Роналдиньо клубтың 10-нөмірлі жейдесін киіп сахнаға шықты. Бразилиялық өзінің Италияға қайта оралғанына қуанышты екенін айтып, жаңа командасына көмектесуге ниетті екенін жеткізді.

«Осында достарыммен бірге болғаныма өте қуаныштымын. Бізде жақсы нәтижеге қол жеткізе алатын команда бар. Ойнаймын ба, жоқ па – оны бапкер шешеді», – деді ол.

«Равенна» президенті Иньяцио Чиприани болса, жанкүйерлер Роналдиньоны алаңнан көретініне сенімді. Оның айтуынша, бразилиялық Серия C аясында кемінде бір матч өткізуі тиіс.

Роналдиньоның алдына қойған тағы бір мақсаты бар. Ол кәсіби мансабындағы 300-голын соғуды қалайды.

Бразилиялық «Равеннамен» келісімшартқа маусым айында қол қойған. Оның клубтағы рөлі тек футболмен шектелмейді: Роналдиньо италиялық команданың инвесторларының біріне де айналды. Келісімнің қаржылық шарттары жарияланған жоқ.

Роналдиньо соңғы ресми кездесуін 2015 жылдың қыркүйегінде Бразилияның «Флуминенсе» клубы сапында өткізген. Ал 2018 жылы кәсіби мансабын аяқтағанын ресми жариялады. Кейінгі жылдары ол тек қайырымдылық, көрме матчтары мен футбол аңыздарының турнирлерінде алаңға шығып жүрді.

Енді араға шамамен 11 жыл салып, әлем футболының ең танымал ойыншыларының бірі қайтадан ресми матчқа қатысуы мүмкін. Егер Роналдиньо «Равенна» сапында алаңға шықса, бұл оның 2015 жылдан бергі алғашқы кәсіби кездесуі болмақ.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам