ФИФА Аргентина жұлдыздарын қатаң жазалады
Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Леандро Паредес 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан кейін болған жанжал үшін 10 матчқа шеттетілді. Сондай-ақ футболшыға 90 мың доллар айыппұл салынды.
ФИФА финалдан кейінгі оқиғаға қатысы бар өзге ойыншылар мен бапкерлерге де жаза қолданды. Аргентина қорғаушысы Науэль Молина жеті матчқа шеттетіліп, 90 мың доллар айыппұл төлейтін болды. Тьяго Альмада бір ойынға қатыса алмайды және 30 мың доллар айыппұл төлейді. Құрама бапкерлерінің бірі Роберто Айяла үш матчқа шеттетіліп, оған да 30 мың доллар айыппұл салынды.
Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Гави де жазадан құтылған жоқ. Ол бір матчқа шеттетіліп, 30 мың доллар айыппұл арқалады.
Испания мен Аргентина арасындағы әлем чемпионатының финалы қосымша уақытта 1:0 есебімен испаниялықтардың жеңісімен аяқталған еді. Финалдық ысқырықтан кейін алаңда ойыншылар арасында жанжал басталды.
Ақпаратқа сәйкес, Паредес алдымен Испания қорғаушысы Эрик Гарсияға соққы жасап, кейін Гавиді итерген. БАҚ бас төреші Славко Винчичтің осы әрекеті үшін аргентиналыққа қызыл қағаз көрсеткенін жазғанымен, ФИФА бұл мәліметті растаған жоқ.
Жаза тек футболшылармен шектелмеді. Аргентина футбол қауымдастығына бірқатар тәртіп бұзушылық үшін жалпы 321 мың доллар айыппұл салынды. ФИФА бұған команданың лайықсыз әрекеті, жанкүйерлер тарапынан болған кемсітушілік сипаттағы айқайлар мен ишаралар, сондай-ақ стадиондағы тәртіп пен қауіпсіздік талаптарының бұзылуын негіз еткен.