ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

«Біз де Еуропада жеңе аламыз»: Дастан Сәтпаев Англиядағы басты мақсатын айтты

21.08.2026, 23:21

Сәтпаев «Бернлиге» ауысқаннан кейінгі алғашқы сұхбатын берді

«Біз де Еуропада жеңе аламыз»: Дастан Сәтпаев Англиядағы басты мақсатын айтты
ФК “Бернли”

«Бернли» клубы мен «Спорт Шредингера» бірлесіп жариялаған сұхбатта Дастан Сәтпаев Англиядағы алғашқы әсері мен алға қойған мақсаты туралы айтты.

18 жастағы шабуылшының сөзінше, жаңа команда оны жылы қабылдаған.

«Бәрі жақсы. Жігіттер мені өте жылы қарсы алды. Үнемі бірдеңе қажет пе деп сұрап жүрді. Осында келгеніме және клубтың бір бөлігі атанғаныма қуаныштымын», – деді Сәтпаев.

Қазақстандық футболшы «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайенмен де жақсы байланыс орнатқанын атап өтті.

«Бапкермен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Ол менің осында келгеніме қуанышты. Бапкердің саған сенім артып, қызығушылық танытуы өте маңызды. Енді көп жұмыс істеп, ойынымды жетілдіре беруім керек», – деді ол.

Басты мақсат – Премьер-лигаға шығу

Сәтпаев «Бернлиге» ауысуды мансабы үшін дұрыс қадам деп есептейді. Оның ойынша, Чемпионшиптегі тұрақты ойын тәжірибесі ағылшын футболына тезірек бейімделуге мүмкіндік береді.

«Бұл – мен үшін жақсы қадам. Чемпионшипте өзімді сынап көремін. Мұның бәрі ағылшын футболына бейімделуіме көмектеседі. Енді алға жылжып, еңбек ете беруім керек», – деді шабуылшы.

Ол жаңа клубының жанкүйерлеріне де өз мақсатын ашық айтты.

«“Бернли” жанкүйерлерінің менің ауысқаныма қуанғаны жағымды. Енді өзіме де, оларға да командаға Премьер-лигаға шығуға көмектесе алатынымды дәлелдеуім керек», – деді Сәтпаев.

Қазақстандық ойыншы Чемпионшиптегі тығыз күнтізбеден де қорықпайтынын жеткізді. Керісінше, әр үш-төрт күн сайын матч өткізуді футболшы үшін үлкен мүмкіндік деп санайды.

Сәтпаев алғашқы ойынын асыға күтіп жүр

Дастан «Бернли» сапындағы алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді және жаңа клубтағы алғашқы кездесуін тағатсыздана күтіп жүргенін жасырмады.

«Алғашқы ойынымды қатты күтіп жүрмін. Біз апта бойы осы матчқа дайындалып жатырмыз. Барлық ойыншы кездесуді күтуде. Мен де алаңға шығатын сәтімді асыға күтемін», – деді ол.

«Бернли» келесі кездесуін 23 тамызда «Вест Бромвичке» қарсы өткізеді. Сәтпаев осы ойында командасының үш ұпай алуды көздейтінін айтты.

Сұхбат соңында жас футболшы қазақстандық жанкүйерлерге арнайы алғыс білдірді.

«Баршаңызға қолдауларыңыз үшін үлкен рақмет! “Челсимен” маусым алдындағы дайындық кезінде қазақстандықтар мені әр матчта, әр жазбада қолдады. Осындай керемет халқымыз барына қуанамын. Бұл – менің Отаным. Біз де Еуропа футболында жеңіске жете алатынымызды дәлелдегім келеді», – деді Сәтпаев.

«Бернли» 14 тамызда Дастан Сәтпаевты «Челсиден» бір маусымға жалға алғанын ресми жариялаған еді. Енді қазақстандық шабуылшының басты міндеті – тұрақты ойын тәжірибесіне ие болып, командасының Премьер-лигаға оралуына үлес қосу.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам