«Шахтер» 55 ұпай жинап, турнир кестесіндегі көшбасшылығын нығайтты
Қарағандылық «Шахтер» Бірінші лига маусымының аяқталуына алты тур қалғанда Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алды.
20-турда қарағандылықтар сырт алаңда семейлік «Елімай-М» командасын 3:0 есебімен сенімді жеңді. Кездесуде Андрей Ульшин 37-минутта есеп ашса, Нұрхан Қағазбаев 45-минутта басымдықты арттырды. Ал 70-минутта Артем Литош матчтың нүктесін қойды.
Осы жеңістен кейін «Шахтер» 55 ұпай жинап, турнир кестесіндегі көшбасшылығын нығайтты. Команда 20 матчтың 18-інде жеңіске жетіп, бір рет тең ойнаған және бір кездесуде жеңілген.
Бірінші лиганың қорытындысы бойынша екі команда Премьер-лигаға көтеріледі. Алайда фарм-клубтарға ҚПЛ-да ойнауға рұқсат жоқ.
Қазір турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Қайрат-Жастар» осы талапқа байланысты жоғары дивизионға өте алмайды. Сондықтан екінші жолдаманың басты үміткері – әзірге үшінші орында тұрған Түркістанның «Тұраны».