ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

«Мықты академия саламыз»: Турлов «Шахтерді» аңыз клубқа айналдыратынын айтты

Бүгін, 15:53

Тимур Турлов «Шахтерді» ҚПЛ-ға оралуымен құттықтады

«Мықты академия саламыз»: Турлов «Шахтерді» аңыз клубқа айналдыратынын айтты
әлеуметтік желі

Тимур Турлов Қарағандының «Шахтерін» Қазақстан Премьер-лигасына мерзімінен бұрын оралуымен құттықтап, клубты алдағы жылдары дамыту жоспары туралы айтты.

Қарағандылық команда Бірінші лиганың аяқталуына алты тур қалғанда ҚПЛ жолдамасын қамтамасыз етті. 20-турда «Шахтер» «Елімайдың» фарм-клубын сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіп, элиталық дивизионға оралу міндетін мерзімінен бұрын орындады.

Турлов команданың нәтижесін жоғары бағалап, ендігі мақсат тек Премьер-лигада ойнаумен шектелмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, клубтың ұзақмерзімді дамуы үшін Қарағандыда заманауи футбол академиясын салып, қала мен облыстағы спорт инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланып отыр.

«Алдымызда үлкен болашақ бар. Қазір соның іргетасын бірге қалап жатырмыз. Еурокубоктардағы жеңістер де алыс емес деп сенемін. Бірақ оған жету үшін тек ойнап, нәтиже көрсетумен шектелмейміз. Жас футболшылардың бірнеше буыны өсіп шығатын үлкен әрі мықты академия саламыз. Қала мен облыстағы инфрақұрылымды дамытып, клубтың ұзақмерзімді тұрақтылығына инвестиция саламыз. «Шахтердің» жеңу үшін жаралған аңыз клуб екенін дәлелдейік», – деді Турлов.

20 турдан кейін «Шахтердің» еншісінде 55 ұпай бар. Қарағандылықтар төртінші орында келе жатқан командадан 22 ұпайға ұзап кеткен.

«Шахтер» – Қазақстан футболындағы тарихы бай клубтардың бірі. Қарағандылық команда 2011 және 2012 жылдары қатарынан екі рет ел чемпионы атанған.

2013/14 жылғы маусымда «Шахтер» Қазақстан клубтары арасында алғаш болып УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Сол жылы команда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне де өте жақын болған еді.

2025 жылдың қарашасында клуб жеке меншікке өтіп, оны Freedom Holding Corp. құрылымына кіретін компания сатып алды. Жаңа инвестор келгеннен кейін «Шахтерді» Премьер-лигаға қайтару және клубтың инфрақұрылымдық базасын күшейту негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам