Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда гол жіберіп, Словакиядан жеңіліп қалды

Қазақстан футбол федерациясы
Қазақстан футбол федерациясы

Ұлттар лигасының C дивизионында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Словакиямен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Матчтың бірінші таймы толықтай алаң иелерінің басымдығымен өтті. Толассыз шабуылдаған словактар ақыры 26-минутта есеп ашып, жанкүйерлерін қуантқан. Гол авторы – Лео Зауэр. Алайда, араға небәрі 9 минут салып Рамазан Кәрімов керемет голымен таразы басын теңестірді.

Екінші таймда Қазақстанның шабуылына қан жүгірді. Шкип шәкірттері допқа көбірек иелік етіп, қауіпті комбинациялар да ұйымдастырған. Тіпті, қарымта шабуылдардың бірінде қонақтардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда, шабуылдағы соңғы нүктені қоятын шабуылшы табылған жоқ.

Словакия құрамасы бұл матчқа тек жеңіс үшін шығатынын бас бапкері Владимир Вайсс ойын алдындағы брифингте мәлімдеген болатын. Содан да болар, матч соңына жақындағанда алаң иелері шабуылды үдете түсті. Бірде Покатилов қақпаны голдан құтқарса, енді бірде словак ойыншылары қисық теуіп жатты. Дегенмен, 82-минутта бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жеткен Давид Ганцко қақпаны дәл көздеп, жеңіс голын соғып кетті.

Осылайша, сырт алаңда өткен екі матчтан Қазақстан құрамасы небәрі бір ұпаймен елге қайтты. Бұған дейін Джон Ван’т Шкип баптайтын команда Фарер аралдарымен тең ойнаған еді (1:1).

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам