Месси 76-голын соғып, тарихи рекордқа жақындады
MLS тұрақты чемпионатының кезекті турында «Коламбус Крю» өз алаңында «Интер Майамиді» қабылдап, 2:1 есебімен жеңді.
Кездесудің 33-минутында Лионель Месси айып добын тікелей орындап, допты қақпаға дәл бағыттады. Осы голдан кейін есеп 1:1 болды.
Алайда Майами клубы матч соңында жеңіліп қалды. «Интер Майами» ойынның соңғы бөлігін бір футболшысы алаңнан қуылғаннан кейін кем құрамда өткізді. «Коламбус Крю» жеңіс голын негізгі уақытқа қосылған сегізінші минутта соқты.
Месси үшін бұл голдың мәні ерекше. Аргентиналық шабуылшы айып добынан соққан голдарының санын 76-ға жеткізіп, әлемдік рекордқа тағы бір қадам жақындады. Бұл көрсеткіш бойынша рекорд бразилиялық Марселиньо Кариокаға тиесілі – 78 гол. Ал тізімдегі үшінші орында 74 голы бар Жаир тұр.
Осылайша Мессиге әлемдік рекордты жаңарту үшін тағы үш, ал рекордты қайталау үшін екі гол қажет.
39 жастағы футболшы биылғы MLS маусымында да сұрмергендер көшін бастап келеді. Оның еншісінде 21 гол бар.
Месси кәсіби мансабында 1177 ресми матч өткізіп, 931 гол соққан және 424 нәтижелі пас берген. Ал «Интер Майами» сапында 2023 жылдан бері 102 гол тіркеді.