«Манчестер Ситиге» 115 айып тағылған іс бойынша үкім шықты

Енді «Манчестер Ситиге» қандай жаза қолданылатыны бөлек қаралады

© NurPhoto / Contributor / NurPhoto
© NurPhoto / Contributor / NurPhoto

«Манчестер Сити» Премьер-лиганың қаржылық ережелерін бұзды деген іс бойынша кінәлі деп танылды. Тәуелсіз комиссия клубтың тоғыз маусымға қатысты елеулі қаржылық заңбұзушылықтарға барғанын анықтады. Бұл туралы Премьер-лиганың ресми сайты хабарлады. 

Комиссияның шешімі 2009-20010, 2017-2018 жылдар аралығын қамтиды. Осы кезеңде «Манчестер Сити» бірқатар демеушілік келісімдерді шынайы мазмұнын бұрмалап көрсетіп, клуб кірісін жасанды түрде көбейтіп, шығынын төмендеткен деген қорытынды жасалды. Комиссия мұндай әрекеттердің жалпы сомасы 900 миллион фунттан асқанын анықтаған. 

Сонымен қатар клуб қаржылық есепте нақты мәліметтерді көрсетпеген және Премьер-лига мен УЕФА-ның қаржылық талаптарын бұзған. Тергеу барысында лига өкілдерімен ынтымақтастық міндетін бұзды деген төрт айыптың үшеуі де дәлелденген. 

Клубқа тағылған айыптар 2023 жылдың ақпанында ресми түрде жарияланған. Іс бойынша тәуелсіз комиссия 42 күн бойы тыңдау өткізіп, оны 2024 жылдың желтоқсанында аяқтаған. Содан бері шешімнің жариялануын тараптар күткен еді. 

Енді «Манчестер Ситиге» қандай жаза қолданылатыны бөлек қаралады. Премьер-лига ережесіне сәйкес, комиссия айыппұл салу, ұпай шегеру және басқа да спорттық санкциялар тағайындай алады. Жазаға қатысты тыңдау әзірге жабық форматта өтеді. 

«Манчестер Сити» комиссия шешіміне шағымдана алады. Клубтың апелляция беруіне 2 қазанға дейін уақыт берілген. Сондықтан команданың турнирлік жағдайына ықпал ететін нақты санкция әзірге белгісіз. 

Осылайша, бірнеше жылға созылған қаржылық дау бойынша негізгі шешім шыққанымен, «Манчестер Ситидің» нақты қандай жаза алатыны әлі анықталған жоқ.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам