«Брайтон» өкілдері Қазақстан құрамасының жас футболшысын бақылауға келеді
Англияның «Брайтон» клубының өкілдері Қазақстан мен Бельгияның 19 жасқа дейінгі құрамалары арасындағы матчты тамашалап, жартылай қорғаушы Аламгир Смақовтың ойынын бағаламақ. Бұл туралы Scout in Eurasia хабарлады.
Ағылшын клубының скауттары Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кездесуге арнайы қатысады. Олар бұған дейін де назарда ұстаған қазақстандық футболшының алаңдағы өнерін бақылауды жоспарлап отыр.
Қазақстан мен Бельгия арасындағы ойын 14 қарашада Шотландияның Камбернолд қаласындағы «Броудвуд» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Аламгир Смақов Түркияның «Бешикташ» клубында өнер көрсетеді. Ол Тимур Қасымов жаттықтыратын Қазақстан U-19 құрамасының сапында 2026/27 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеуінің екінші кезеңіне қатысып жатыр.
Қазақстандық жасөспірімдер іріктеу матчтарын Шотландияда өткізуде. Алғашқы ойында жергілікті құрамадан 1:3 есебімен жеңілген Қазақстанның жалғыз голын Абылай Төлеухан соқты.
Бірінші турдан кейін Қазақстан А2 тобында ұпайсыз үшінші орында тұр. Бельгия Косовоны 2:0 есебімен жеңіп, үш ұпаймен екінші сатыға жайғасты.
Қазақстан құрамасы екінші кезеңдегі соңғы кездесуін 17 қарашада Косовоға қарсы өткізеді.