Усман Нурмагомедов пен тағы жеті адам алты айға қамауға алынған
Грузиялық аралас жекпе-жек шебері Мераб Двалишвили Абу-Дабиде өткен Real American Freestyle (RAF) күрес лигасының турнирінде жеңіске жетті.
Бұрынғы UFC чемпионы жарысқа аралық салмақ дәрежесінде қатысты. Белдесу барысында бразилиялық Марлон Мораеске 0:2 есебімен есе жіберіп жатқан Двалишвили қарсыласын жамбасқа түсіріп, жауырынын жерге тигізу арқылы мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Жекпе-жектен кейін грузиялық спортшы Абу-Даби басшылығына үндеу жасап, жаппай төбелестен соң қамауға алынған азаматтарды босатуды сұрады.
«Бұл мәселені шешуге құзыреті бар адамдардан әлгі жігіттерді босатуды өтінемін. Біз бәріміз файтерміз, мұндай жағдайлар болып тұрады. Бірақ олардың бостандыққа шыққанын қалаймын. Өтінемін», – деді Двалишвили.
Еске салайық, 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде жаппай төбелес болған. Оқиға кезінде ресейлік ММА файтері Усман Нурмагомедов бірнеше адаммен бірге Двалишвилидің артынан келіп, оны шақырғаннан кейін бетінен шапалақпен ұрған. Осыдан соң UFC-дің бұрынғы чемпионына аяқпен соққы жасалған. Грузиялық балуан Саба Лазишвили Двалишвилиді қорғауға араласып, төбелес кезінде өзі де соққы алған.
Оқиғаға қатысты тергеу нәтижесінде Усман Нурмагомедов пен тағы жеті адам алты айға қамауға алынған. Ал грузиялық екі спортшы түрмеге жіберілмеді. Саба Лазишвили RAF турнирінде Усманның туған інісі Умар Нурмагомедовтің орнына өнер көрсетті. ТАСС агенттігінің мәліметінше, Умар да ұсталғандардың қатарында болған.