Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алғашқы үш матчынан кейін FIFA-ның тікелей рейтингінде 116-орынға түсті
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов ел футболын дамытуға қатысты пікір білдірді. Ол негізгі күшті балалар футболына және жас ойыншыларды даярлауға бағыттауды ұсынды.
Спортшы бұл пікірін Sports.kz сайтының Instagram парақшасында Қазақстан құрамасының әлемдік рейтингтегі төмендеуіне қатысты жарияланған жазбаның астына қалдырған.
«Егер ел дамысын десек, футболды 10 жылға жабыңыздар! Барлық күшті базаға, балалар футболына салыңыздар! Әлемнің үздік жаттықтырушыларын шақырып, болашаққа жағдай жасау керек. Сонда ғана Қазақстан футболының мүмкіндігі пайда болуы мүмкін!» — деп жазды Хамитов.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алғашқы үш матчынан кейін FIFA-ның тікелей рейтингінде 116-орынға түсіп, алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда бес сатыға төмендеген. Команда қоржынында 1166,65 ұпай бар.
Қазақстан құрамасы соңғы кездесуін 2 қазанда Астанада Молдоваға қарсы өткізіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Осы нәтижеден кейін ұлттық құрама үш турда бір ғана ұпай жинады. Қазақстан құрамасы келесі ойынын 6 қазанда Фарер аралдарына қарсы өткізеді.