Роналду мен Жезуш неге жанжалдасты? Футболшы бәрін ашып айтты

Роналду үшін негізгі мәселе - Жезуштің жеке әңгімеде берген уәдесін кейін орындамауы

© Carlos Rodrigues / Stringer / Getty Images Sport
© Carlos Rodrigues / Stringer / Getty Images Sport

Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду ұлттық командадан кетуіне себеп болған бас бапкер Жорже Жезушпен арадағы жанжалдың мән-жайын егжей-тегжейлі айтып берді. Футболшы бапкердің өзіне жеке әңгімеде берген уәдесін орындамағанын мәлімдеді. Оның мәлімдемесін футбол инсайдері Фабрицио Романо жариялады.

Жанжал Португалияның Норвегияға қарсы матчынан кейін басталған. Роналду кездесуді қосалқы құрамда бастап, кейін алаңға шыққан жоқ. Ойын аяқталған соң ол жанкүйерлермен амандаспай, бірден киім ауыстыратын бөлмеге кеткен.

Роналду бұл әрекетін қателік деп мойындап, жанкүйерлерден кешірім сұрады.

«Ойын соңында тек жеңісті қаладым және жалғыз қалғым келді. Сондықтан жанкүйерлермен амандасуға бармадым. Бұл - менің қателігім. Португалиядағы жанкүйерлерден және мені көру үшін арнайы келген адамдардан кешірім сұраймын», - деді футболшы.

Алайда оның айтуынша, мәселе мұнымен шектелмеген. Арада 48 сағат өткен соң Роналду Жезушпен және тамыз айындағы әңгімелерге қатысқан Симау Коутиньомен бірге жеке кездескен. Футболшының сөзінше, сол жиында тараптар жағдайды ашық талқылап, мәселені көпшілік алдында түсіндіруге келіскен.

Роналду Жезуштің Норвегиямен матчқа қатысты өзіне маңызды жайттарды мойындағанын айтты. Бапкер бастапқы жоспарында оны алаңға шығаруды көздемегенін, алайда кейін шешімін өзгертіп, футболшыны қыздыруға жібергенін түсіндірген. Роналду мұндай жағдайда алаңға шығармау дұрыс болмағанын Жезуштің өзі мойындағанын жеткізді.

«Маған Норвегияға қарсы матч бастапқы жоспарға кірмегенін айтты. Мені қыздыруға шығарып, кейін алаңға шығармау қате болғанын мойындады. Егер мұндай жағдай қайталанса, олай жасамайтынын айтты», - деді Роналду.

Футболшының айтуынша, кездесу соңында Жезуш оны құшақтап, баспасөз мәслихатында жеке әңгімеде айтқан сөздерін қайталайтынына уәде берген.

Алайда кейін өткен жиында жағдай мүлде басқаша өрбіген. Роналду Жезуштің сол жерде айтқан сөздері жеке кездесудегі ұстанымына сәйкес келмегенін мәлімдеді.

«Жиында бапкердің ұстанымы біздің жеке әңгімеміздегі сөздерге мүлде ұқсамады. Мен өзіме көрсетілген қарым-қатынасты лайық көрмедім. Оның айтқандары мені таңғалдырды», - деді капитан.

Роналдудың айтуынша, осыдан кейін олардың арасындағы түсініспеушілік одан әрі ушыққан. Ол Жезуштің өзіне берген сөзінде екінші рет тұрмағанын атап өтті.

Өз кезегінде Жезуш те жағдайға қатысты өз нұсқасын жариялады. Бапкер Роналдуды ұлттық құрамада көргісі келетінін айтып, оны команда үшін аса маңызды футболшы деп санайтынын жеткізді.

Жезуш Норвегиямен матчта Роналдуды алаңға шығару туралы шешімін қате деп бағалаған. Оның айтуынша, егер жағдайды қайта бастан өткерсе, футболшыны қыздыруға жіберіп, кейін алаңға шығармас еді.

«Мен Криштиануды ұлттық құрамада көргім келеді. Оны жай ғана емес, өте қатты қалаймын. Ол да маған сенеді. Ол “Аль-Насрда” маған сенді, мұнда да сенеді», - деді Жезуш.

Бапкер Роналдудың матчтан кейін жанкүйерлермен амандаспай кеткеніне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл - футболшының сол сәттегі көңіл күйіне байланысты болған қалыпты реакция.

«230-дан астам матч өткізген ойыншыға Португалияға деген сүйіспеншілікті үйретудің қажеті жоқ. Бұл - көңіл қалған сәттегі реакция. Ол жанкүйерлерге ең көп қолтаңба беретін, ең көп суретке түсетін және оларға ерекше ықылас танытатын футболшы», - деді бапкер.

Осылайша, екі тарап та бір жағдайдың болғанын мойындағанымен, оның қалай өрбігеніне қатысты көзқарастары екі түрлі болып отыр. Роналду үшін негізгі мәселе - Жезуштің жеке әңгімеде берген уәдесін кейін орындамауы болса, бапкер бұл жағдайды ойын барысындағы шешім мен футболшының эмоциялық реакциясы ретінде түсіндіреді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам