Аңыздың қоштасуы: Месси Аргентина құрамасындағы соңғы матчын жеңіспен аяқтады

Қоштасу кешінде 39 жастағы Месси пенальтиден гол соғып, екі нәтижелі пас берді

Getty Images
Getty Images

Лионель Месси Аргентина құрамасындағы соңғы матчын өткізіп, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады. Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында өткен жолдастық кездесуде Аргентина Бенинді 3:0 есебімен жеңді.

Қоштасу кешінде 39 жастағы Месси пенальтиден гол соғып, екі нәтижелі пас берді.

«Монументаль» стадионы Месси үшін ерекше орын саналады. Ол ұлттық құрама сапындағы ең көп голын - 19 голды - осы стадионда соққан. Сондай-ақ Аргентина 2022 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін елге оралғанда, команда дәл осы аренада чемпиондықты жанкүйерлерімен бірге атап өткен.

Ойынның 10-минутында кездесу бір минутқа тоқтатылып, стадиондағы жанкүйерлер Аргентина капитанына ұзақ қол соқты. Осы сәтте Бенин құрамасының футболшылары Мессидің жанына келіп, онымен кезек-кезек қол алысты.

«Мен мұнда мансабымдағы ең бақытты күндердің бірін өткіздім. Әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы матчқа осы жерге оралған күнімді ешқашан ұмытпаймын. Сол күні көргендерім - өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі», - деді Месси.

Бұл сөздер стадиондағы көптеген жанкүйер мен оның қасына жиналған командаластарына ерекше әсер етіп, кейбірінің көзіне жас алды.

Аргентина капитаны қоштасу сөзінде ұлттық құраманы сағынатынын айтты.

«Енді, өкінішке қарай, мансабымдағы ең қайғылы күн келді - ұлттық құрамадағы қоштасу. Мен сендерді сағынатын боламын. Ұлттық құрама үшін ойнағанымды да сағынамын. Енді осы жігіттерді және олардың орнын басатын футболшыларды қолдаймын. Біз әрдайым, әрдайым бірге боламыз», - деді ол.

Кездесудің соңғы ысқырығынан кейін «Монументаль» стадионының үстінде дрондар шоуы ұйымдастырылды. Аспанда Мессидің мансабындағы айтулы сәттер бейнеленді. Соның ішінде 2022 жылғы әлем чемпионатында қолына әлем кубогын көтерген тарихи сәті де көрсетілді.

Месси Аргентина құрамасында 21 жыл өнер көрсетіп, әлем чемпионы, екі дүркін Америка кубогының жеңімпазы және Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен қатар ол клубтық мансабында Испанияның 10 дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы атанып, «Алтын допты» сегіз рет иеленді.

Бенинге қарсы матч Мессидің Аргентина құрамасындағы 208-ойыны болды. Ол ұлттық құрамадағы мансабын 126 голмен аяқтап, команда тарихындағы ең көп матч өткізген әрі ең көп гол соққан футболшы мәртебесін сақтап қалды.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам