«Манчестер Сити» кінәсі дәлелденсе, клуб бірнеше қатаң санкцияға дайын болуға тиіс
Эх, Сити, Сити! Ағылшын премьер-лигасында монополия орнаттың. Титул біткеннің бәрін алдың. Требл жасадың. Қап-қап ақшаға толассыз трофей әпердің. Бірақ бүгін клуб фанаттарынан бастап бәрін бақытсыз! Эмоцияға толы жылдар ностальгия емес, керісінше үрей туғызып отыр.
Қаншама кеме мұхитта суға кетті, қаншама яхта теңізде із-түзсіз жоғалды. Бірақ ешбірі елдің есінде жоқ. Халықтың жадында Титаник трагедиясы ғана. «Сити» - футболдағы Титаник. Титаник Саутгемптон портынан шыққан алып кеме болса, «Сити» Манчестер жағасынан старт алған алып клуб (ақшалы). Кемедегінің жаны бір: қазір «Сити» фанаттарынан бастап – клуб басшылығы, клубта әр жылдары доп тепкен футболшылар, тер төккен бас бапкерлер, техникалық персонал әрі-сәрі күйге түсті. Көптің көңілі эмоция аттракционында тербеліп тұр.
Стивен Джеррардтың дәмесі, Арсен Венгердің ескертуі
Стивен Джеррард 2012 жылы ағынан жарылған еді. Сонда «Ливерпуль» аңызы Англия чемпионы бола алмағанына «Челси» клубын сатып алған Роман Абрамович пен «Манчестер Сити» қожайыны болып келген шейх Мансурды кінәлаған.
«Егер Роман Абрамович пен шейх Мансур болмағанда, мен ағылшын премьер-лигасын кемінде 2-3 рет жеңетініме сенімдімін. Қалталы миллиардерлер лигадағы басқа командаларға көп ықпал етеді. Солай болды да. Біз олармен қаржылық жағынан еш бәсекелесе алмаймыз. Сондықтан қалтамызға емес, қарымымызға сенгеннен басқа амал жоқ», деген еді.

Стивен Джеррард / photo: Getty Images
Джеррардтың сөзінің жаны бар. Роман Абрамович «Чели» клубын 2003 жылы, шейх Мансур «Сити» клубын 2008 жылы сатып алды. Аста-төк кезең. Қалаған футболшысын алды, ең үздік бапкерлерді шақырды. Футбол инфляциясын ушықтырды. Трансфер құны шарықтады. Футбол нарығын өзгертіп жіберді. Басқа клубтар супер форвардқа төлейтін қаражатты «Сити» қорғаушының трансферіне жұмсады.
«Арсенал» клубын 22 жыл жаттықтырған Арсен Венгер осының бәріне әу баста қарсы болған адам. Ол «Монако» футбол клубының бас бапкері болып жүргенде де «Марсель» былығына куә болған. Англияны үш рет бағындырып, рекорд орнатқан (2004 жылғы жеңіліссіз чемпиондық) француз маманы 2011 жылы «Челси» «Манчестер Сити» сияқты клубтардың қаржы «допингіне» өзгелер төтеп бере алмай жатқанын ашына айтып, АПЛ турниріне реформа жасауды ұсынған. Бірақ, көпшілік Арсен Венгердің бұл ұсынысын «жеңілгеннің сөзі құрсынға» балап, «кәрі консерватордың кердеңі» деп елемеді. Ал қазір Арсен Венгердің не үшін қамыққанын әбден түсінеміз.

Пеп Гвардиола мен Арсен Венгер / photo: x.com/ManCity
Өйткені, «Арсенал» Англияға толассыз араб ақшасы келгенде мына лидерлерін «Сити» клубына сатуға мәжбүр болды: Эммануэль Адебайор, форвард (£25 млн), Коло Туре, қорғаушы (£15 млн), Гаэль Клиши, қорғаушы (£7 млн), Самир Насри, жартылай қорғаушы (£25 млн), Бакари Санья, қорғаушы (еркін агент).
«Сити» монополиясының басталуы
90-жылдар. «Манчестер Сити» сайда саны, құмда ізі жоқ кедей клуб еді. Қарызға белшесінен батып, тіпті клуб жейдесін сататын құқығынан айырылып қалған. Не инфрақұрылымы, не жаттығатын жері жоқ.
2000 жылдар басында «Сити» АПЛ-да қалш-құлш етіп орнын әрең сақтап отырды. Бұл тығырықтан клубты алып шыққан – Тайланд премьер-министрі Таксин Чинават. Тай шенеунігі 2007 жылы футбол ұжымын 43 млн долларға сатып алып, клубтың 119 млн доллар қарызын жапты. Ол кезде командада клуб академиясынан шыққан Джоуи Бартон, Стивен Айрленд және Недума Онуоха сынды мықтылар бар еді. Бас бапкер ретінде атақты Свен-Еран Эрикссонды шақырып, оған Ведран Чорлука, Элано, Хавьер Гарридо, Мартин Петров сияқты ойыншылар сатып әперді. Алайда, «Сити» жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа бармады. Тайландта төңкеріс болып, билікке жаңа саясаткерлер келді. Жаңа билік экс-премьер Таксин Чинаватты ірі көлемдегі жемқорлық пен қаржы алаяқтығына қатысы бар деген күдікпен жолын жауып, кейін түрмеге қамады.

Мансур бен Заид Әл-Нахайян / photo: Global Look Press
Одан әрі «Сити» клубының жаңа дәуірі басталды. 2008 жылдың жазында үш аптаға созылған келіссөзден кейін клуб қалталы арабтардың (БАӘ) иелігіне өтті. Бам! Шейх Мансур келе сала «Реал Мадрид» жұлдызы Робиньоның трансферіне 32 млн фунт жұмсады. Ешкімнің түсіне кіріп-шықпаған трансфер. Апам да аң-таң, ағылшын біткен сенер-сенбесін білмей дал. Робиньоның фонында Венсан Компани мен Пабло Саболетаның трансфері елеусіз қалды. Сөйтсек, бұл тек басы екен.

Getty Images
«Сити» құрамы түрленді. Түледі. Әр позицияға қос мықтыдан. Трансфер додасында алдына жан салмады.
Уақыт өте арабтар Англиядағы ықпалын күшейтті. 2001 – 2016 жылдары АПЛ-дың бас демеушісі болған Ұлыбританияның жетекші Barclays банкіне акционер болып кірді. City Football Group ұйымын құрып, оның қатарына ағылшын клубынан бөлек «Нью-Йорк Сити» (АҚШ), «Атлетико Торке» (Уругвай), «Йокохама» (Жапония), «Мельбурн Сити» (Австралия) кірді. Әр құрлықтан бір-бір клуб.
Бәрі осылай жалғаса берді. 2013 жылға дейін. Өйткені 2013 жылдың сәуірінде АПЛ клубтары үшін қаржы фейр-плейі күшіне енді. Клуб штаты мен футболшылардың жалақысына лимит қойылды. Клубтар трансферге тапқан табысынан артық жұмсай алмайтын болды (бұл шектеудің клубтың инфрақұрылымына: стадионға, жаттығу базасы мен академияға қатысы жоқ).
Тәуелсіз комиссияның соңғы дерегіне сенсек, «Сити» осы ережелердің ешбірін елемей келген. Нақтырақ, 2009 – 2018 жылдары «Сити» қожайындары ереженің бәрін аттап өтіп, қалауынша «қаржы допингін» қолданған. Ақшасын жасырған, табысын ашып көрсетпеген. Бас-аяғы 115 айыптың 114-іне кінәлі болып шығуы мүмкін.
«Жұмсақ күш» һәм Британиядағы араб инвестициясы
Араб ақшасы Англияға дер кезінде келді. 1980 жылдары Маргарет Тетчердің реформасынан кейін мемлекеттің экономикаға араласуы шектеліп, нарықты приватизациялау және мемлекеттік активтерді жекешелендіру жүрді. Бұл реформа 2008 жылғы әлемдік дағдарысқа дейін жемісін берді.
«Құланның қашуына мылтықтың басуы». 2008 жылы Ұлыбритания экономикасы шатқаяқтап, өндіріс ошақтары тоқтап, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Осы сәтте «жомарт» арабтардың инвестициясы британ үкіметіне майдай жақты.
2021 жылы Ұлыбритания басшылығы мен БАӘ билігі 10 млрд фунт инвестиция келісіміне қол қойды. Кейін бұл қаржы көлемі 30 млрд фунтқа дейін өсті. Қаржы британ экономикасына Mubadala (БАӘ) қорынан бөлінетін болды. Осы қаражаттың арқасында соңғы бес жылда Британияда 48 мың жаңа жұмыс орны ашылып, араб инвестициясы ағылшын экономикасына едәуір импульс берді. Осы келісімге БАӘ тарапынан Халдун Әл-Мүбарак қол қойды. Халдун – Mubadala қорының атқарушы директоры және «Манчестер Сити» басқарма төрағасы.

«Манчестер Сити» АПЛ чемпионы, 2014/2015 ж. маусым / photo: Getty Images
2008 жылдан бастап британ-араб (БАӘ) экономикалық байланысы күшейді. Арабтар әр жылдары Британияның түрлі саласына инвестиция салып, футбол клубын «жұмсақ күш» ретінде пайдаланды. Енді арабтар «Сити» клубының басына күн туғанда Британ билігінің үн-түнсіз отырғанына «налыды».
«Сити» клубының қазіргі халі 2022 жылы «Челси» клубын сатқан Роман Абрамовичтің жағдайынан да қиын. Неге? Себебі, клуб бірнеше жыл АПЛ-да ойнамауы бек мүмкін. АПЛ-дан кетсе табысы да бірнеше есе кемиді. ТОП футболшыларын сақтап қалу мүмкін болмайды. Клубтың қарызы еселеп өседі. Клубты мұндай жағдайда ешкім сатып алғысы келмейді.
Bloomberg зерттеуі «Манчестер Сити» кейсін тек спорттық шеңберде емес, жаһандық бизнес пен геосаясат тұрғысынан зерттеп, оны «геосаяси қысым және Ұлыбритания экономикасына қауіп» деп жазды. The Guardian басылымының жазуынша, «Сити» ісі Ұлыбритания мен БАӘ арасындағы дипломатиялық қатынасқа тікелей қауіп төндіріп тұр: БАӘ билігі Ұлыбритания үкіметіне ескерту жасаған. Егер «Манчестер Сити» клубына тым қатаң жаза (АПЛ-дан қуылу немесе максималды ұпайынан қағу) қолданылса, БАӘ Ұлыбритания экономикасына жоспарлаған ондаған миллиард (фунт) инвестициясын кілт тоқтатуы мүмкін.
Бұл жерде Британ премьер-министрі Энди Бернеманың да репутациясы сынға түскелі отыр. Оксфорд-Кембридж университеттері аясында Кремний алқабының аналогын (Стэнфорд-Калифорния) құру сияқты жаһандық жоспардың орындалуына араб инвестициясының рөлі өте жоғары. Медицина, жасанды интеллект, спорт инфрақұлымын дамыту бойынша БАӘ билігімен келісілген орасан жоспар аяқсыз қалуы мүмкін.
АПЛ репутациясы, инвесторлардың күмәні
Келісілген матч, жемқорлық туралы айтқанда, алдымен Италия футболы еске түседі. «Ювентус» кейсі әлі ұмытылған жоқ. Масқара болған «Марсельдің» өткенін де француздар оқтын-оқтын еске салады. Алайда, «Сити» жағдайы мүлде бөлек. Бұл – ұзақ жылдар бойы «үздік чемпионат» деген атанып келген АПЛ репутациясына сын. Тіпті, «Негрейро ісі» (Флорентино Перестің «Барселона» клубына ашқан майданы) бұның жанында жазықсыз жала, орынсыз айып болып қалды.
Енді инвесторлар екі шоқып бір қарайды. Тіпті, Чемпионшипті жеңген клубтың өзі басқа чемпионат жеңімпаздарынан артық сыйақы алады. Ағылшын клубын сатып алу – тиімді, бірақ «Сити» кейсінен кейін күмән көбейеді.

The Times
Клубты қандай санкция күтіп тұр? Бұл туралы айтуға әлі ерте. Өйткені, «Сити» басшылығы жазықсыз екенін айтып барынша қорғанып жатыр. Апелляциялық шағып түсіріп, АПЛ тәуелсіз комиссиясы таққан айыппен еш келіспейтінін айтып отыр. Егер іс Англия жоғарғы сотына жететін болса, бұл процесс тағы бірнеше айға, тіпті бірнеше жылға созылуы мүмкін.
«Сити» басшылығы үлкен іс тындырғанын да айта кетуіміз керек. Клубтың инфрақұрылымын (стадион, жаттығу базасы, академия) жаңа сатыға көтерді. Манчестер қаласының шығыс бөлігін (East Manchester) қайта жаңғыртты. Жергілікті халыққа арнап мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар салып берді.
«Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі». «Сити» жазықты болса, 2012, 2014, 2018 жылғы чемпиондық легитимді (барлық жағынан заңды) болмайды. Үш маусымдағы чемпиондық вакансия бос қалып, «Сити» АПЛ-ден бірнеше маусымға төменгі лигаға шеттетілуі мүмкін. Егер, клубты титулдарын айырмай, тек айыппұлмен ғана шектелсе, бұл лиганың беделін тіпті құлдыратады. Клубтың жай-күйін майшаммен қарап отырған жанкүйерлер «Күштінің көті диірмен тартады», «Бай клубтарға заң жүрмейді», «Арабтың ақшасы әділдіктен үстем тұр» деген қорытындыға келеді. Бұдан былай Англия клубтарының кез келген жетістігі құнсыздана түседі.
Егер «Сити» кінәсі дәлелденсе, клуб келесі санкцияларға дайын болуға тиіс: