Дәулетов жаңа командасында 77-нөмірмен өнер көрсетеді
Қазақстандық шабуылшы Шахмұрат Дәулетов Бельгияның төрт дүркін чемпионы «Генк» клубымен алғашқы кәсіби келісімшартына қол қойды. 17 жастағы футболшымен жасалған келісім үш жылға есептелген. Бұл туралы Asnews.kz жазды.
Оң қанатта ойнайтын Дәулетов жаңа командасында 77-нөмірмен өнер көрсетеді. Бұған дейін бұл нөмірді марокколық қорғаушы Закария Эль-Уахди иеленген. Ол жазғы трансфер кезеңінде «Гамбургке» 8 миллион еуроға ауысқан.
Қызығы, Эль-Уахди – Дәулетовтің бұрынғы агенті Мұхамед Ашахбардың ұлы. Марокколық футболшы бұған дейін 23 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Африка Ұлттар кубогының жеңімпазы атанған.
Дәулетовтің «Генк» негізгі құрамына бейімделуі біртіндеп жүзеге асады. Қазақстандық футболшының 11 қазанда Бельгияның екінші дивизионында өнер көрсететін «Йонг Генк» сапында «Патро Эйсденге» қарсы алаңға шығуы күтіліп отыр.
Шахмурат Дәулетов «Генк» жүйесінде 2024 жылдан бері жаттығып келеді. Өткен демалыс күндері ол клубтың негізгі командасы сапында «Сегека Аренада» дебют жасады. Қазақстандық шабуылшы «Фортунаға» қарсы жолдастық кездесуде 87-минутта алаңға шықты. Матч «Генктің» 1:2 есебімен жеңілуімен аяқталды.
Бұған дейін Дәулетов «Аякс» клубының жасөспірімдер командасына қарсы кездесуде де гол соққан. Ол матч 2:2 есебімен тең аяқталды.
«Генк» — Бельгия чемпионатында төрт рет жеңіске жеткен клуб. Қазақстандық футболшы енді осы команданың сапында кәсіби мансабын бастайды.