«Жетісу» клубындағы жалақы дауы шешілді:
Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубы ойыншылар алдындағы қаржылық берешегін толық өтеп, төлемдерге қатысты мәселелерді реттеді. Клуб Қазақстан Премьер-лигасының ағымдағы маусымындағы қалған барлық матчқа қатысатынын растады.
Клубтың ресми мәлімдемесіне сәйкес, жалақы төлеудің уақытша кешігуіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жүргізілген құқықтық рәсімдер себеп болған. Тиісті шешімдерді қабылдау үшін жан-жақты құқықтық талдау мен келісу жұмыстары қажет болған.
Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Жетісу» футбол клубы» қоғамдық қоры басшылығының бірлескен жұмысының нәтижесінде барлық мәселе реттеліп, қажетті заңдық рәсімдер толық аяқталған.
«Қазіргі уақытта футболшыларға тиесілі барлық төлемдер толық көлемде төленді. Клубтың бұрын қалыптасқан берешек бойынша қаржылық міндеттемелері толығымен орындалды. Команда Қазақстан Республикасының чемпионатындағы алдағы матчтарға дайындықты жалғастырып, алға қойылған спорттық міндеттерді орындауға жұмылдырылған. «Жетісу» футбол клубы өз қызметін қалыпты режимде жүзеге асырып жатыр және команданың ағымдағы маусымда қалған барлық матчтарға қатысатынын растайды», – делінген клуб хабарламасында.