Роналдудың анасы ұлының елде лайықты бағаланбай жүргеніне қынжылды
Португалиялық футболшы Криштиану Роналдудың анасы Долореш Авейру ұлының ел футболына сіңірген еңбегі лайықты бағаланбай жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы ол TV7 Dias журналына берген сұхбатында айтты.
Долореш Авейру ұлының ұлттық құрама төңірегіндегі соңғы жанжалға байланысты көңілі қалғанын жасырмады. Оның айтуынша, болған жағдай оған ауыр тиген.
«Мен үшін бұл өте ауыр. Бұл жағдай мені есеңгіретіп жіберді. Ұлым елден бас есік арқылы кетуі мүмкін еді, бірақ артқы есіктен кеткендей болды. Дегенмен, ештеңе етпейді, бәрін Құдайдың өзі реттейді. Біраз жылап алдым, эмоцияны сыртқа шығару да пайдалы. Енді осының бәрін еңсеруіміз керек», – деді ол.
Сонымен қатар Роналдудың анасы ұлының Португалия үшін атқарған еңбегін еске салып, оның жетістіктері ұмытылмауы керек екенін атап өтті.
«Ол Португалия үшін өте көп еңбек сіңірді. Оның жетістіктері ешқайда жоғалып кетпейді. Ол әрдайым Португалияның қаһарманы болды. Бірақ қазір оны лайықты деңгейде бағаламай отыр», – деді Долореш Авейру.
Еске салайық, бұған дейін Криштиану Роналду Ұлттар лигасындағы матчта бас бапкер оны алаңға шығармағаннан кейін Португалия құрамасының жаттығуына қатыспаған еді. Кейін футболшы ұлттық құраманың орналасқан жерінен кеткенін мәлімдеді.
Осы оқиғадан кейін Португалия футбол федерациясы Роналдудың өз бетінше кетуі тәртіптік жазаға, соның ішінде дисквалификация мен айыппұлға әкелуі мүмкін екенін хабарлаған. Сондай-ақ ұлттық құрамадағы жетінші нөмір басқа ойыншыға берілгені белгілі болды.