Гранит Джака жалған COVID-19 вакцина сертификаты үшін шартты түрде айыппұл арқалады
Швейцария құрамасы мен Англияның «Сандерленд» клубының капитаны Гранит Джака COVID-19-ға қарсы вакцина алғаны туралы жалған сертификатқа байланысты 150 мың швейцариялық франк (шамамен 180 мың доллар) көлемінде шартты айыппұл арқалады.
Бұған дейін Люцерн прокуратурасы футболшыға қатысты жалған вакцина сертификатын алу дерегі бойынша тергеу бастағаны хабарланған еді. Кейін 34 жастағы жартылай қорғаушы кінәсін мойындап, тергеумен ынтымақтасуға дайын екенін білдірген. Сол кезде оған бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрғаны да айтылған.
Джаканың мәлімдеуінше, жеңілдетілген сот тәртібімен оған 50 күндік айыппұл тағайындалған. Әр күндік мөлшерлеме 3 мың швейцариялық франк болған. Жаза екі жылға шартты түрде белгіленген.
«Жалған ресми құжат алғаным үшін жеңілдетілген сот тәртібімен маған әрқайсысы 3 мың швейцариялық франктен тұратын 50 күндік айыппұл тағайындалды. Сынақ мерзімі — екі жыл. Бұл осы кезеңде ешқандай құқық бұзушылық жасамасам, үкім орындалмайтынын білдіреді. Сот шығындарын төлеп қойдым.
Бұл шешімді қабылдаймын және жасаған әрекетім үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын. Қолдау білдіргендеріңіз үшін рақмет. Сіздердің сөздеріңіз мен үшін өте маңызды», — деп жазды футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Гранит Джака мансабында Лондонның «Арсенал», Леверкузеннің «Байер», Менхенгладбахтың «Боруссия» және «Базель» клубтарында өнер көрсеткен. Швейцария құрамасы сапында 152 матч өткізіп, 18 гол соққан.