Түркиялық жанкүйерлер Абат Айымбетовтен қарызды кешіруді сұрады

«Адана Демирспор» қаржылық қиындықтарға байланысты күрделі жағдайға тап болды

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Түркияның «Адана Демирспор» клубының жанкүйерлері қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетовке үндеу жасап, клуб алдындағы қаржылық талаптарын жеңілдетуді сұрады.

Жанкүйерлердің айтуынша, команда бұрынғы басшылықтың қателіктері мен орындалмаған міндеттемелеріне байланысты күрделі қаржылық жағдайға тап болған. Қазір клуб жанкүйерлердің басқаруына өткен және олардың қолдауының арқасында жұмысын жалғастырып келеді.

«Сіздің «Адана Демирспормен» ФИФА аясындағы аяқталмаған ісіңіз клубымыздың болашағы үшін аса маңызды. Бұрынғы басшылықтың қателіктері мен орындалмаған уәделері команданы қиын қаржылық жағдайға душар етті», – делінген үндеуде.

Осыған байланысты жанкүйерлер Абат Айымбетовтен өтелмеген қаржылық талаптарынан бас тартуды немесе клубқа тиімді төлем шарттарына келісуді өтінді. Олардың пікірінше, футболшының түсіністік танытуы команданың болашағын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.

«Адана Демирспорды» сақтап қалу – тек футбол клубын емес, миллиондаған адамның тарихы мен оған деген адалдығын сақтау деген сөз», – деп жазған жанкүйерлер.

Әзірге Абат Айымбетовтің бұл өтінішке қатысты жауабы жарияланған жоқ. Сондай-ақ клубтың қазақстандық футболшы алдындағы қарызының нақты сомасы белгісіз.

Абат Айымбетов 2024 жылдың ақпанынан 2025 жылдың маусымына дейін «Адана Демирспор» сапында өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында қазақстандық шабуылшы түркиялық клубтың жейдесінде 37 матч өткізіп, алты гол соқты.

Кейін футболшы мансабын Румынияның «Петролул» клубында жалғастырды. Ал 2026 жылдың жазында Қазақстанға оралып, «Ақтөбе» командасына қосылды.

Қазір «Адана Демирспор» қаржылық қиындықтарға байланысты күрделі жағдайға тап болды. Қыркүйек айында Түркия футбол федерациясы ФИФА-дағы төрт іс бойынша клубтың есебінен 24 ұпай шегерілгенін хабарлады.

Қазіргі уақытта команда Түркияның екінші лигасында соңғы орында тұр. Клубтың еншісінде минус 44 ұпай бар.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам