Холанд «Манчестер Ситиден» кетсе, қай клубты таңдайды

«Арсенал» да шабуылшыны қатарына қосуға ниетті

ZUMA Press Wire
ZUMA Press Wire

«Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанд клуб Англия чемпионатынан төмендеген жағдайда «Арсеналдан» гөрі «Барселонаға» ауысуды жөн көреді. Бұл туралы Football Insider басылымы хабарлады.

Норвегиялық шабуылшы жаңа маусымды жоғары деңгейде бастап, алғашқы жеті матчта жеті гол соқты. Алайда «Манчестер Ситидің» болашағына қатысты белгісіздік Холандтың да клубтағы жағдайына әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін футболшының командадан кететініне еш негіз жоқтай көрінген. Холанд 2025 жылдың басында «Манчестер Ситимен» келісімшартын 2034 жылдың маусымына дейін ұзартқан. Мәліметтерге сәйкес, оның апталық жалақысы 500 мың фунт стерлингті құрайды.

Дегенмен клубтың қаржылық ережелерді бұзуына қатысты дау жағдайды өзгертуі ықтимал. Тәуелсіз комиссия «Манчестер Ситиді» қаржылық талаптарды 114 рет бұзғаны үшін кінәлі деп таныған. Клуб бұл шешіммен келіспей, апелляцияға жүгінді. Әзірге істің немен аяқталатыны және қандай жаза қолданылуы мүмкін екені белгісіз.

Football Insider дерегінше, егер «Манчестер Сити» төменгі дивизионға түсіп қалса, Холанд Испанияға ауысу нұсқасын қарастыруы мүмкін. «Барселона» норвегиялық шабуылшыны бірнеше жылдан бері өз құрамынан көргісі келеді. Ал мадридтік «Реал» да оның жағдайын жіті бақылап отыр.

Дегенмен Холандқа қызығушылық танытып отырған жалғыз испаниялық алпауыттар емес. «Арсенал» да шабуылшыны қатарына қосуға ниетті. Лондондық клубтың пікірінше, оның трансфері үшін «Барселона» мен «Реалға» бәсекелесуге қаржылық мүмкіндігі жеткілікті. Басылымның хабарлауынша, екі клубтың өкілдері де Холандтың айналасындағы адамдармен ықтимал ауысу жөнінде байланысқа шыққан.

Қазір Холандтың «Манчестер Ситиден» кететіні туралы нақты шешім жоқ. Оның болашағы клубқа қатысты істің нәтижесіне байланысты болуы мүмкін. Алайда командадан кетуге мәжбүр болса, Football Insider мәліметінше, норвегиялық футболшы үшін «Барселона» «Арсеналға» қарағанда тартымдырақ бағыт саналады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам