«Алтын доп»: Харри Кейн биыл Левандовский мен Риберидің күйін кеше ме?

26 қазанда «Алтын доп» иегері белгілі болады

коллаж: 1bol.kz
коллаж: 1bol.kz

«Алтын доп» – футбол барометрі емес, бірақ жанкүйер пікірін сан-саққа жүгіртетін даңғаза жүлде. Ал, биыл ұйымдастырушылар кәміл фаворитті таба алмай әлек.

Нақты критерий болмаған жерде дау пайда болады. Кімге? Не үшін? Нақты қандай жетістігі үшін? Өндіріп гол салғаны үшін бе? Қырып трофей алғаны үшін бе? Пиары көп футболшыға ма, әлде тасада жүрген қаһарманға ма?

Фабиан Руис: трофейі түгел, бірақ пиары аз

Егер, бүкіл трофейді жеңген адам керек болса, Испания құрамасы мен ПСЖ клубынан іздеңіз? Бар ма? Әрине, Фабиан Руис. Былтыр требл, биыл тағы Чемпиондар лигасы мен Лига-1 турнирін жеңіп алды. Ол аз ба? Мундиаль! Испания әлем кубогын жеңді. Фабиан Руис – қалтарыста жүрген қаһарман. Клубта да, ұлттық құрамада да старттың ойыншысы. Алаңда бар-жоғы белгісіз. Пиары аз. ПСЖ сапында Витинья, Испания құрамасында Родри тасасында. Міне, осы маусымда 6 трофей жеңген пақырыңыз «Алтын доп» үміткерлері арасында ТОП-10 тізімінде де жоқ. Эхх.


Фабиан Руис, фото: Reuters

Өкінішті ме? Жоқ. Өйткені, Фабиан Руис системалық футболдың озат орындаушысы. 2021 жылы «Челси» сапында Чемпиондар лигасын, Италия құрамасымен Еуро жеңген Жоржиньо сияқты футболшы. Медиада даусы қатты шықпайды, хайлайтс видеоларға іліге бермейді. Футболды шын ұғатын жанкүйерлер болмаса, жаппай массаның махаббатына іліккен емес. Пиары аз, асып-тасқан таланты жоқ. Ойынында магия, қимылында қайрат қалдыратын соны әрекет жоқ. Сол үшін тізімнен сызып тастаймыз. 

Хвича Кварацхелия: ПСЖ өрге сүйреді, Грузия артқа тартты

Гүржі футболшысы былтырғы Усман Дембеленің ізімен кәміл «Алтын доп» иегері болуға тұрарлық маусым өткізді. Хвича Испанияда туғанда, Нико Уильямс үйінде қалып, Алекс Баэна сол қапталдағы вингер рөлін мүлде ұмытатын еді. Бірақ, ол Мундиальға жолдама ала алмаған Грузия құрамасының футболшысы. 

Мундиаль факторы көп рөл ойнайды. Мундиаль болмаса: 2002 жылы Роналдо екінші «Алтын добын» алмас еді; 2006 жылы «Алтын доп» қорғаушыға (Фабио Каннаваро) берілмес еді, 2018 жылы Лука Модрич 10 жылға созылған Криштиану/Месси тайталасын бұза алмас еді. 


Хвича Кварацхелия (Фото: Aurelien Morissard / Global look press)

Сондықтан, Хвича ПСЖ сапында ғажап маусым өткізгенімен, Грузия құрамасында Мундиаль құрбаны болып отыр. Егер гүржілер Әлем чемпионатына жолдама алып, Хвича құрамасын 1/8 финалға дейін сүйрегенде, онда әңгіме басқаша болар еді. Осы факторды ескеріп, Хвичаны тізімнен сызып тастаймыз. 

Килиан Мбаппе: голы болғанымен, жолы болмады

Килиан Мбаппеге пиардың қажеті жоқ. Аты да, заты да футбол брендіне айналған. Сұрапыл маусым өткізді: Ла Лигада – 25 гол (үздік сұрмерген), Чемпиондар лигасы – 15 гол (үздік сұрмерген), Мундиаль – 10 гол (үздік сұрмерген). Небәрі үш циклда (2018, 2022, 2026) Әлем чемпионаты тарихында ең үздік сұрмерген (22 гол).  Бірақ еш трофей жеңген жоқ. «Ахиллес өкшесі» осы. 


Килиан Мбаппе, фото: Getty Images

Килиан Мбаппе қарап жатқан жоқ. Сұқбатында «Алтын доп» иегері болуға әбден лайық футболшы екенін ашық айтты. Пиар кампаниясы да жақсы жұмыс істеп жатыр. Өзі де айтып жатыр, өзгеге де айтқызып жатыр. Қолдайтындар да, қолдамайтындар да жетіп жығылады. «Реал» тарапы да қолдап отыр. Бірақ «Реал» екі маусымнан бері трофей жеңбегендіктен, Мбаппенің жолында «құрбан» болып жатқан жоқ. 

Бір кілтипан бар. Киллер Килиан мәреге жақындағанда жарақат алып, енді ғана айықты. Футбол радарынан уақытша шығып қалды. Тікелей бәсекелестері – Ламин Ямаль мен Харри Кейн әр матчта қанжығасын майлап жатқанда, Килиан тағы бір кедергіге тап болды. Сондықтан, Килиан Мбаппенің кандидатурасын әлі де жоққа шығармай, астын сызып қоямыз. Бәлкім...

Родри: Мундиаль үшін лайық бағасын алды

Родри бұған дейін «Алтын доп» алған. Ғажап футболшы – интеллекті бай. Испания футболы Родридің айналасына шоғырланған. Ортаны билеп-төстейді. Бірақ, былтыр клубтық деңгейде бар өнерін ашып көрсете алмады. Себебі белгілі, ауыр жарақатына байланысты 2026 жылдың қаңтарынан бастап қатарға қосылды. Сосын шешуші сәтте (сәуір-мамыр) жарақаты қайта сыр беріп, «Сити» сапында маусымды мажор нотада аяқтай алмады. 


Родри, фото: Andrew Harnik / Getty Images

Есесіне, Мундиальға тың болып барды. Де Ла Фуэнтенің сенімді сарбазы. Родри болса, бас бапкердің ұйқысы тыныш. Әлем кубогын жеңді. Франц Беккенбауэр, Герд Мюллер, Зинедин Зидан, Ривалдо, Роналдиньо, Кака, Усман Дембеле, Бобби Чарльтон, Паоло Росси және Лионель Месси бастаған элит тізімге енді. Яғни, Чемпиондар лигасы, Әлем кубогы және «Алтын доп» жеңген футболшылар тізімі. 

2026 жылғы Әлем чемпионатының үздік футболшысы наградасын жеңіп алды. Басты оппоненті Лионель Месси болатын. Бірақ, Испания финалда үстем түсіп, награда Родриге бұйырды. 

Родри клубтық деңгейде атой сала алған жоқ. Оған жарақаты бөгет болды. Алайда, Мундиальдаға ғажап ойыны үшін лайық бағасын алды. Сондықтан, Родридің кандидатурасын тізімнен сызып тастаймыз. 

Ламин Ямаль: сұрапыл маусым – сүреңсіз Мундиаль

Ла Лига үздік ойыншысы. Испания чемпионы, Испания кубогының жеңімпазы, Испания суперкубогың иегері. Әлем чемпионы. 

Қазіргі футбол Ямальмен қызық. Магия. Дриблинг. Әрбір шабуылы – фейерверк. Лапылдайды. 

Қысқасы, өткен маусымда төрт құбыласы түгел футболшы болуға Чемпиондар лигасының қалқанқұлақ кубогы ғана жетпей тұр. 

Ламин Ямальды гол санымен бағаламау керек. Ол голеадор режимін енді іске қосты. «Барселона» мен Испания құрамасы сапында жаңа маусымда 14 матч өткізіп, 12 гол + 9 ассист жасап үлгерді. Қарқыны сұмдық. 


Ламин Ямал, фото: Getty Images

Ламин Ямальға «Алтын доп» үшін анық фаворит болуға не жетпегенін өзі де біледі. Сұқбатында айтты. Яғни, Мундиальда жарқырап ойнай алмады. 8 матч – 1 ғана гол. Оның себебі де түсінікті. Ламин Ямаль Америкаға ауыр жарақаттан кейін аттанды. Бойы да өсті – екі жыл ішінде 10 см қосты (171=181). Көп мамандар Ламин Ямальдың физиологиясындағы бұл өзгеріс 2026 жылдың біріші жартыжылдығында болғанын меңзеп отыр. Яғни, Ямаль дәл осы аралықта жаңа геометриялық кейпіне бейімделу кезеңін өткерген. 

Ламин Ямальдың пиар кампаниясы өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Клуб басшылығынан бастап командаластарына дейін (Барселона, Испания құрамасы) ашық қолдау білдіріп отыр. Өзі де «Алтын доп» алуға шын лайық екенін айтып, ағынан жарылды. Амбициясы асқақ. Қымсынбайды. Ойыны қалай болса – ойы да солай. 

Ламин Ямаль – «Алтын допқа» басты фавориттердің бірі. Астын сызып тұрып тізімнің басына шығарамыз. 

Харр Кейн: үнсіз голеадор, кампаниясыз киллер

Бір маусымда 73 гол салу Харри Кейннің қолынан келді. ХХІ ғасырда тек Лионель Месси ғана одан көп салған – 82 гол (2011/2012). Бес бірдей «Алтын доп» иегері Криштиану Роналдудың рекорды – бір маусымда 69 гол (2011/2012). Браво, Харри Кейн. Нағыз киллер. 

Бірақ. Харри Кейн өндіріп гол салғанымен, «Бавария» клубында өткен маусымның үздік ойыншысы – Майкл Олисе. Француз сиқыршысы Бундеслига (15 гол+19 ассист), Чемпиондар лигасы (5 гол+7 ассист), Мундиаль (7 ассист), Германия кубогы (2 гол + 1 ассист) турнирлерінде ерекше көзге түсті. Вингер үшін 56 голға тікелей атсалысу – ғажап көрсеткіш.

Мундиальды алайық. Харри Кейн әлем чемпионатында 6 гол салды. Бірақ Англия сапында бас қаһарман – Джуд Беллингем. Орталық жартылай қорғаушы 7 гол салып, нағыз форвардтардың деңгейіне шықты. 


Гарри Кейн, фото: Maja Hitij / Getty Images) 

Бірақ, Харри Кейннің басымдығы – тұрақтылық. Барлық турнирде өндіріп гол салып келеді. Форвардқа тән мінез. Соған қарамастан, командада тек тоғыздық рөлімен шектелмейді. Ондық, жартылай қорғаушы, кейде қапталдағы вингер рөліне кіріседі. 2014 жылы «Тоттенхэм» сапында Уго Льористің алаңнан қуылуына байланысты қақпашының да рөлін атқарғанын ескерсек, нағыз әмбебап ойыншы. Ағылшын футболындағы ұлы финишер, «Бавария» клубының нағыз қозғаушы күші.

Өзі үндемейді. «Алтын доп» әр футболшының арманы екенін айтып, командалық нәтижеге фокус қоятынын айтты. «Бавария» сапында Франк Рибери (2014 жыл) мен Роберт Левандовский (2020-2021 жыл) «Алтын доп» алуға басты фаворит болғандар еді. Бірақ, әудем жер қалғанда Криштиану Роналду француздың алдын орап кетті. Өйткені, Криштиану Роналдудың сол тұстағы бабы таңғажайып еді. Әсіресе, 2014 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алу үшін Швеция (Ибрагимович) – Португалия (Криштиану) арасында ақтық айқас болды. Екі матчтың қорытындысы португалдардың пайдасына 4-2 болып бітті. Төрт голды Криштиану, екі голды Ибрагимович салды.

Міне, қазір осы жағдай Кейн мен Ямальдың арасында да өтіп жатыр. «Алтын доп» жүлдесін тапсыруға аз уақыт қалғанда Ламин Ямаль бар мүмкіндігін қосып, әр матч сайын MOTM атанып жатыр.

Бірақ, Харри Кейн биыл Рибери/Левандовский күйін кешіп, «Барселона» сапындағы феноменге жол беріп қоятын сияқты. «Алтын бутсы» Луис Сауарес (екі рет), Роберт Левандовский (2 рет), Эрлинг Холанд (1 рет), Килиан Мбаппеге (1) сияқты сұрмергендерге еш нәтижесін бермеген еді. Тіпті, 2019/2020 маусым қорытындысы бойынша «Алтын бутсы» жеңіп алған Чиро Иммобиле (36 гол) «Алтын доп» үміткерлерінің ақырғы ТОП-30 тізіміне енбей қалған болатын. Харри Кейн осымен екінші рет «Алтын бутсы» жеңіп алып отыр.

Еуропада ешбір клуб «Реал», «Барселона» сияқты үміткерлерін соңына дейін қолдап, таққа шыққанша тақымын қысуды ескермейді. «Бавария» биыл да футболшысын бәйгеге қосқанымен, артынан тақым қысып отырған жоқ. Әлде, мюнхендік клубтың бақылау кеңесінің мүшесі Карл-Хайнц Румменигге «Бавария» сапында «Алтын доп» алған ең соңғы футболшы (1980, 1981) болып қалғысы келе ме?

Лионель Месси: салтанатты рәсімге бала-шағасымен келеді

Сегіз дүркін «Алтын доп» иегері 26 қазанда Лондонға бала-шағасымен келмек. Футбол сарапшылары оны «Алтын доп» жүлдесінде басты үміткерлердің қатарына қосып отыр. Бірақ, Лионель Месси «Алтын доп» алу үшін келе жатыр дей алмаймыз. Ғажап маусым, 39 жасында Мундиальды тағы бір шулатып, Аргентинаны тағы да финалға сүйреп шығарды. Бәлкім, финалда Аргентина үстем түскенде, 9-шы «Алтын доп» туралы айқайға қиқу қосуға болар еді. Бірақ, бұл жолы емес. Лионель Месси бұл жолы Лондонға құрметті қонақ ретінде баруы әбден мүмкін.


Лионель Месси. Фото: JUAN MABROMATA / AFP via Getty Images

«Алтын доп» үміткерлеріне дауыс беру аяқталған. Яғни, кімнің жеңімпаз болғаны тек ұйымдастырушыларға белгілі. Соңғы сәтке дейін оның есімі жарияланбайды.

Бұған дейін «Алтын доп» иегері кім болғаны бірнеше күн бұрын хабарланып, жеңімпаз France Football басылымына сұқбат беретін. Соңғы уақытта бұл дәстүр де күшін жойды. Сондықтан, бәрімізді сюрприз тосып тұр. 

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам