Әзірге бұл бастама бойынша ресми шешім қабылданған жоқ
Қазақстандық футболшылар Түркия чемпионатында легионер ретінде есептелмеуі мүмкін. Түркі мемлекеттерінен келген ойыншыларға арнайы мәртебе беру туралы бастаманы Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу көтерді. Бұл туралы Cronos.Asia басылымы жазды.
Күршад Зорлудың айтуынша, бұл мәселе Түркия футбол федерациясының басшылығымен талқыланған. Ұсыныс бойынша Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да түркі мемлекеттерінің футболшылары шетелдік ойыншылар санатынан шығарылуы мүмкін.
Қазір қазақстандық футболшылар Түркия клубтарына ауысқан кезде легионер болып есептеледі. Олар шетелдік ойыншыларға қатысты шектеулер мен талаптарға бағынуға тиіс.
Егер жаңа тәртіп қабылданса, қазақстандық футболшыларға Түркия чемпионатында легионерлерге қойылатын шектеулер қолданылмауы немесе жеңілдетілген талаптар қарастырылуы ықтимал. Бұл түрік клубтарының Қазақстаннан ойыншы шақыруына қосымша мүмкіндік туғызуы мүмкін.
Алайда әзірге бұл бастама бойынша ресми шешім қабылданған жоқ. Арнайы мәртебенің нақты қай елдердің азаматтарына берілетіні, сондай-ақ оның Түркия чемпионатының қай дивизиондарында қолданылатыны белгісіз.
Осыған байланысты қазақстандық футболшылардың мәртебесі әзірге өзгерген жоқ. Ұсыныстың жүзеге асуы Түркия футбол федерациясының алдағы шешіміне байланысты.