Анарбеков бірінші таймда пенальти қайтарып, команданы жеңілістен құтқарды
Алматының «Қайраты» Конференция лигасындағы алғашқы ойынын Латвияға барып, жергілікті «Ригаға» қарсы өткізді. Тартысты өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Ойын бірден жоғары қарқында басталды. Қос команда да төреші ысқырығы естілісімен шабуылға кіріскен. Небәрі үшінші минутта «Рига» ойыншылары өз айып алаңында «Қайрат» шабуылшысын шалып жығып, төреші VAR қарағаннан кейін пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Марк Гуаль қатесіз орындап, есеп ашты (5-минут).
Дегенмен, қонақтардың қуанышы көпке созылған жоқ. 12-минутта М’Ханд Салах әріптесінің берген пасын тоқтатпай теуіп, таразы басын теңестірді.
Мұнан кейін «Риганың» есепте алға шығатын мүмкіндігі болған. 28-минутта төреші белгілеген пенальтиді Мохамед Бадамоси орындай алған жоқ. Оның сол бұрышқа жерлете тепкен добын Темірлан Анарбеков қайтарды.
Екінші таймда командалар қорғаныста жатып алған жоқ. Әсіресе алаң иелері допты көп ұстап, «Қайрат» қақпасына қауіпті шабуылдарды бірінен соң бірін ұйымдастырды. Ал, алматылықтардың қарымта шабуылдары «Рига» қақпашысына айтарлықтай қиындықтар туғызды. Дегенмен, бұл кезеңде жанкүйерлер соғылған гол көрген жоқ. Қорытынды есеп – 1:1, қос клуб та Конференция лигасындағы алғашқы ойынында бір-бір ұпайдан еншіледі.