Станислав Черчесов «Қайраттың» бас бапкері болуы мүмкін

63 жастағы бапкер Грозныйдың «Ахмат» клубында бас бапкер болып жүр

Kazfootball.kz
Kazfootball.kz

Ресейлік маман Станислав Черчесов Алматының «Қайрат» клубын жаттықтыруы мүмкін. Бұл туралы KazFootball.kz тілшісі хабарлады.

63 жастағы бапкердің алматылық клуб басшылығымен қарым-қатынасы жақсы екені айтылады. Әртүрлі ақпарат құралдарының мәліметінше, Черчесов өзі 2025 жылдың маусымынан бері жаттықтырып келе жатқан Грозныйдың «Ахмат» клубынан кетуі мүмкін.

Черчесов бапкерлік мансабында Ресей мен Еуропаның бірнеше клубында жұмыс істеді. Атап айтқанда, «Спартак», «Динамо» (Мәскеу), «Амкар», «Легия» және «Ференцварош» командаларын жаттықтырды. Польшада «Легиямен» ел чемпионы әрі Кубок иегері атанса, Венгрияда «Ференцварошпен» екі рет чемпиондық титулды жеңіп алды.

Сондай-ақ ол Ресей және Қазақстан ұлттық құрамаларын басқарған. Ресей құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетті.

Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың қаңтарына дейін ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама Ұлттар лигасында алты матч өткізіп, бір рет тең түсіп, бес рет жеңіліске ұшырады. Бұл ойындарда Қазақстан құрамасы бірде-бір гол соқпай, өз қақпасына 15 гол жіберді.

Қазіргі уақытта «Қайрат» бас бапкерінің міндетін Жора Арутюнян атқарып жүр. Черчесовтің Алматы клубына келуі әзірге ресми түрде расталған жоқ.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам