Хесус Овоно футболшының өлімінен кейін алғаш рет мәлімдеме жасады
«Андорра» клубының қақпашысы Хесус Овоно «Тенерифе» шабуылшысы Хесус де Мигельдің қазасына байланысты көңіл айтты. Қайғылы оқиғадан кейін алғаш рет пікір білдірген футболшы өміріндегі ең ауыр күндерді бастан өткеріп жатқанын жеткізді.
«Бұл – өмірімдегі ең ауыр күндер. Не айтарымды білмеймін, болған жайтты қабылдау да өте қиын. Хесустен айырылғанымыз жаныма қатты батады. Мен ол туралы, оның отбасы және оны жақсы көрген жандар туралы ойлап жүрмін», – деді қақпашы.
Сондай-ақ Овоно алдағы уақытта көптеген мәселе қаралатынын түсінетінін және қабылданатын шешімдерге құрметпен қарайтынын атап өтті.
«Алда талқыланатын мәселелер көп екенін түсінемін. Болатын жағдайдың бәріне құрметпен қараймын. Бірақ қазір Хесус пен бәріміздің басымызға түскен қайғыдан басқа ештеңе ойлай алмаймын. Жаның жәннатта болсын, Хесус», – делінген футболшының мәлімдемесінде.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2 қарашада «Андорра» мен «Тенерифе» арасындағы матч кезінде болған. Кездесу барысында қақпашы Хесус Овоно қақпадан шығып, жеке-дара шабуылға шыққан Хесус де Мигельді тоқтатуға әрекет жасаған. Екеуі соқтығысып, төреші Овоноға қызыл қағаз көрсетіп, ойынды тоқтатқан.
Соқтығысудан кейін де Мигель есінен танып қалған. Оны алаңнан зембілмен алып шығып, кейін жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген. Алайда көп ұзамай «Тенерифе» клубы футболшының қайтыс болғанын хабарлады.