Биліктің араласуына 60 жастағы бапкердің жеке өміріне қатысты ұзаққа созылған дау себеп болған
Египет футбол құрамасының бас бапкері Хоссам Хассанға жеке өміріне қатысты дау-дамайдан кейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында көрінуге тыйым салынды. Мұндай шешімді 4 қарашада Египеттің Жоғары медиа реттеу кеңесі қабылдаған. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Шектеу ел заңнамасына бағынатын телеарналарға, интернет-басылымдарға және өзге де медиа платформаларға қатысты. Тыйым шешім жарияланған сәттен бастап күшіне енгенімен, оның қанша уақытқа созылатыны нақтыланбады.
Кеңес өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары жеке адамдар арасындағы жанжалды талқылайтын алаңға айналмауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ журналистерді азаматтардың отбасылық мәселелеріне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.
Биліктің араласуына 60 жастағы бапкердің жеке өміріне қатысты ұзаққа созылған дау себеп болған. Жазда Хассанның бұрынғы және қазіргі жұбайлары демалыс кезінде қонақүйде жанжалдасып, төбелесіп қалғаны хабарланған еді. Әйелдерді ажыратуға әрекеттенген бапкер есінен танып, медициналық көмекке жүгінген.
Al Jazeera басылымының Египет БАҚ-тарына сілтеме жасап хабарлауынша, Хассанға қойылған шектеу ұлттық құраманың ойындарына арналған баспасөз мәслихаттары мен команданың спорттық қызметін жариялауға қатысты емес.
Сонымен қатар медиареттеуші орган бапкердің бұрынғы жұбайы Дина Мұстафаның, яғни Дан Адамның БАҚ-та көрінуіне қатысты бұрын енгізілген тыйымды да күшінде қалдырды. Жанжалға қатысы бар адамдардың жеке өмірі туралы материалдар жариялаған бірнеше интернет-басылымның өкілдері түсініктеме беру үшін шақырылған.
Осы оқиғаларға қарамастан, Хоссам Хассан ұлттық құраманың бас бапкері қызметін жалғастырып келеді. Қыркүйек айында Египет футбол қауымдастығы маманмен келісімшартты 2030 жылға дейін ұзартқан.