«Ертіс» футбол клубы коммерциялық басқару жүйесіне көшті
Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы коммерциялық басқару жүйесіне ресми түрде көшті. Клубтың жаңа инвесторлары үш ұйым болды.
Олар команданы дамытуға жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге инвестициялауға міндеттеме алды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Клуб үлестерінің 50 пайызы «Павлодар өзен порты» АҚ-ға тиесілі болса, «RR-CAPITAL» ЖШС мен «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС әрқайсысы 25 пайыздан иеленді. Мемлекет балалар және әйелдер футболын қолдауды жалғастырады.
«Павлодар өзен порты» АҚ 2026 жылы клубқа 250 млн теңге демеушілік көмек көрсеткен. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге инвестициялау жоспарланып отыр. Ал үш инвестордың ұзақ мерзімді міндеттемелері клубты қаржыландыруды, инфрақұрылымды жақсартуды, негізгі және жастар командаларын дамытуды қамтиды.
Коммерциялық басқару «Ертіс» үшін бірнеше қиын жылдан кейінгі жаңа кезең болмақ. Қаржылық қиындықтарға байланысты клуб 2020 жылы жарыстарға қатысуын тоқтатып, 2022 жылы банкрот деп танылды. Оны қайта жандандыру жұмыстары 2023 жылы басталды.
2024 жылы «Ертіс» Екінші лигада өз конференциясында жеңімпаз атанып, 22 матчта 18 рет жеңіске жетті. Ал келесі маусымда Бірінші лигада екінші орын алып, Премьер-лигаға жолдама иеленді. Осылайша, павлодарлық команда екі жыл ішінде ел футболының жоғары дивизионына қайта оралды.
Айта кетейік, «Ертіс» биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Клуб өз тарихында бес рет Қазақстан чемпионы атанған. Павлодарлықтар бұл жетістікке 1993, 1997, 1999, 2002 және 2003 жылдары қол жеткізген.
Жаңа даму жоспары аясында балалар мен жасөспірімдер футболына басымдық берілмек. Сондай-ақ әйелдер футболын дамыту көзделген. 2027 жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 жас спортшыға арналған футбол академиясын ашу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылы Павлодар облысында 25 мың көрерменге арналған заманауи стадион салу көзделген.