Қазақстан футзал құрамасы Беларусьтен 1:5 есебімен ойсырай жеңілді

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңілісіне ұшырады

ҚФФ
ҚФФ

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі екінші матчында Беларусьтен 1:5 есебімен жеңілді. Кездесу Словакияның Гуменне қаласында өтті.

Матчтың 7-минутында Владислав Селюк есеп ашса, араға үш минут салып Алексей Пинчук Беларусь құрамасының басымдығын еселей түсті. 13-минутта қазақстандық қақпашы Игитаның қателігін Виталий Шадурко ұтымды пайдаланып, үшінші голды соқты.

Екінші таймда Сергей Крикун 29-минутта есепті 4:0-ге жеткізді. Ал матчтың соңғы минутында Сергей Синицкий Беларусь құрамасының бесінші голын енгізді. Кездесу аяқталар тұста Ринат Төрегазин Қазақстан құрамасының жалғыз голын соқты.

Осы матчта қазақстандық Эдсон 37-минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Еске салайық, командалар бұған дейін Астанада кездесіп, Қакау шәкірттері 5:4 есебімен жеңіске жеткен еді.

Екі матчтан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде үш ұпай бар. Ал үш ойын өткізген Беларусь алты ұпаймен топ көшін бастады. Албания әзірге ұпай жинай алған жоқ.

Қазақстан құрамасы топ аясында тағы екі матч өткізеді. 9 желтоқсанда албаниялықтарды өз алаңында қабылдаса, 2027 жылғы 2 наурызда сырт алаңда кездеседі.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам