Қазақстан құрамасы 13 қарашада Кишиневте Молдоваға қарсы сырт алаңда ойнайды
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип оқу-жаттығу жиынының барысы туралы айтып, қараша айындағы Молдова және Словакия құрамаларына қарсы матчтар алдындағы команданың міндеттерін бағалады.
Нидерландылық маман клубтық маусым аяқталғаннан кейін футболшылардың ойын ырғағына қайта бейімделуіне біраз уақыт қажет болғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол Кишиневке аттанар алдында оқу-жаттығу жиынын ауа райы қолайлы Түркістанда өткізу туралы шешімнің себебін түсіндірді.
«Жақсы жұмыс атқардық. Ең алдымен, бұл алаң жабынына байланысты. Молдоваға қарсы сырт алаңдағы кездесуді табиғи көгалда өткіземіз. Мұнда да дәл сондай алаңда жаттығуға мүмкіндік бар. Бұған қоса, Астанамен салыстырғанда мұнда ауа райы қолайлырақ. Бұл – таңдауымызға әсер еткен басты себеп.
Қазір біз үшін ең маңыздысы – Молдоваға қарсы матч. Егер жеңіске жетсек, екінші орын үшін күресу мүмкіндігін сақтап қаламыз. Бұл футболшылардың жігері үшін де, жанкүйерлеріміз үшін жеңіске жету тұрғысынан да өте маңызды», – деді Джон ван ’т Шкип ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Қазақстан құрамасы 13 қарашада Кишиневте Молдоваға қарсы сырт алаңда ойнаса, 16 қарашада Астанада топ көшбасшысы Словакияны қабылдайды.
Ұлттар лигасы С дивизионының үшінші тобында төрт турдан кейін Словакия 10 ұпаймен көш бастап тұр. Фарер аралдары мен Молдованың еншісінде төрт ұпайдан бар. Қазақстан құрамасы екі ұпаймен соңғы орында келеді.