Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды
«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігі оған қатысты қылмыстық істің мән-жайын жариялады.
ҚМА мәліметінше, 1954 жылы туған Григорий Лория бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 414 миллион теңгеден асады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2023 жылы «Қызылжар» клубын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген. Лория клубтың бас бухгалтерімен және өзге де тұлғалармен сөз байласып, қаражатты заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған деген болжам бар.
Атап айтқанда, жалған қаржылық құжаттар арқылы ақша жеке шоттарға негізсіз аударылған. Сонымен қатар бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры мен ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген деген күдік бар.
ҚМА Лорияның қайда жүргені туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтарды агенттіктің кезекші бөліміне +7 7172 70 84 78 нөмірі арқылы хабарласуға шақырды.