44 жастағы бельгиялық маман бас бапкерлікке тағайындалды
Бельгиялық маман Карел Герартс Шымкенттің «Ордабасы» клубының бас бапкері атанды.
«Карел Герартс – „Ордабасының“ жаңа бапкері. Ол бұған дейін „Юнион“, „Шальке“ және „Реймс“ клубтарын жаттықтырған», – деп жазды шымкенттік клубтың амбассадоры әрі тең иесі Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
44 жастағы маман бельгиялық «Юнион» клубын 57 матчта жаттықтырып, команданы Еуропа лигасының ширек финалына дейін жеткізген. Кейін Германияның «Шальке» клубын 33 кездесуде басқарды. Ал оның соңғы жұмыс орны Францияның «Реймс» командасы болды. Бұл клубта 40 матч өткізген Герартс 2026 жылдың мамырында қызметінен кеткен.
Айта кетейік, 2026 жылғы маусымда молдовалық маман Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» клубы өз тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасады. Шымкенттіктер Қазақстан чемпионатында топ жарып, ел кубогының финалында Қызылорданың «Қайсар» командасын 4:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.