Ағылшын футболының алыбы Чемпионшипке түсіп қалуы мүмкін бе?
22 жастағы маман 2026 жылдың қыркүйек айында «Тургутлуспордың» бас бапкері болып ресми тағайындалды
Түркияның «Тургутлуспор» футбол клубының жаңа бас бапкері Зейнеп Местан алғашқы ресми кездесуін сәтті өткізді. Оның жетекшілігімен команда Маниса Суперәуесқой лигасындағы матчта «Маниса Башакшехирді» 4:1 есебімен жеңді.
22 жастағы маман 2026 жылдың қыркүйек айында «Тургутлуспордың» бас бапкері болып ресми тағайындалды. Бұл оқиға 1984 жылы іргетасы қаланған ерлер клубының тарихындағы әйел бас бапкер өткізген алғашқы ресми ойын ретінде есте қалды.
Клуб президенті Йылмаз Генчтүрік жас маманға сенім артуды кездейсоқтық немесе имидждік қадам емес, Зейнеп Местан ұсынған нақты спорттық жобаға деген сеніммен байланыстырды. Алғашқы ресми кездесудегі 4:1 есебіндегі жеңіс жаңа бапкердің штабы мен ойыншылары үшін сенімді старт болды.
Зейнеп Местан 2004 жылы 30 шілдеде Измир қаласында дүниеге келген. Бұған дейін ол Түркия әйелдер футболының 3-лигасында «Борнова Генч Йылдызлар» сапында доп тепкен. Ойыншылық карьерасын ерте аяқтаған соң, Эгей университетінің Спорт ғылымдары факультетінде бейінді білім алып, өзін бапкерлік қызметке арнады.
Сұхбаттарында Местан өзіне үлгі тұтатын мамандар қатарында Еуропада Пеп Гвардиоланы, ал Түркияда Серген Ялчынды атап өткен. Оның басты бағыттарының бірі — командаға шабуылдаушы, белсенді футбол үлгісін қалыптастыру.
«Тургутлуспор» ұзақ жылдар бойы Түркияның Екінші және Үшінші кәсіби дивизиондарында бақ сынап келген. Алайда өткен маусым қорытындысы бойынша клуб өз тарихында алғаш рет аймақтық әуесқой лигаға — Маниса Суперәуесқой лигасына түсіп қалды.
Жаңа бас бапкердің алдына қойған негізгі мақсаты — команданы қайтадан кәсіби сатыға көтеру. Местан алдағы бес жыл ішінде «Тургутлуспорды» әуесқой деңгейден Түркияның Бірінші лигасына (елдегі екінші деңгейлі кәсіби дивизион) жеткізуді көздейді.