Ол осы клуб сапында ойнап, Ресей кубогін жеңіп алған
Бүгін Шешенстан астанасы Грозный қаласының намысын қорғайтын «Ахмат» футбол клубының жалпыкомандалық жиналысы өтті.
Жиын барысында клуб президенті Магомед Даудов ұжымға команданың жаңа бас бапкері – Магомед Адиевті таныстырды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Магомед Мусаевич – Грозный қаласының тумасы. Бір кездері осы клубта өнер көрсетіп, тіпті Ресей кубогын да жеңіп алған. Одан қалды клубтың бас бапкерінің көмекшісі, сонан соң екінші команданың бас бапкері қызметтерін атқарған.
«Біз Магомед Мұсаұлын туған клубында көргенімізге қуаныштымыз, сәттілік, жеңіс және табыс тілейміз», - делінген «Ахматтың» баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сонымен қатар, Адиев Қазақстан ұлттық құрамасындағы жұмысын да қатар алып жүрмек. Айта кету керек, Магомед Адиев Қазақстан құрамасын 2022 жылдан бері басқарып келеді.
Бұдан бөлек ол РПЛ-да 2018/19 маусымда «Анжи» клубының да тізгінін ұстаған.