Танымал ойыншы енді футболға қайта оралады
«Ақтөбе» клубының және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразовтың УЕФА-дан бан алғаны бұған дейін айтылған болатын. Өйткені 2021 жылы «Қайратпен» келісімшарты бола тұра Латвияның «Даугавпилс» клубына ауысып кеткен.
ҚПЛ-дың соңғы турындағы «Қайрат» – «Ақтөбе» матчы алдында алматылық клуб УЕФА-ға шағыданып, Оразовты тегін жаттықтырғаны үшін өтемақы талап еткен еді. Еуропа футбол қауымдастығы болса футболшыға 20 мың еуро төлеуді міндеттеді. Бұл қаражатты төлемегенше Оразов ресми матчтарда ойнай алмайды.
«Бүгін мен отбасымдай болған Қазақстан құрамасының қолдауын сезіндім. Мәселемді шешуге бірден араласқан ҚФФ президенті Әділет Барменқұловқа алғысымды білдіремін. Маған жан-жақты қолдау көрсетіліп, қысқа мерзімде жағдайдың шешімін табуға көмектесті. Мен өз командам үшін қайтадан ойнап, күресуге мүмкіндік алдым. Әрине, енді ұлттық құраманың қыркүйектегі матчтарында командамен бірге бола аламын», - деді Оразов инстаграмм парақшасына қалдырған жазбасында.
Еске салайық, «Қайрат» – «Ақтөбе» матчы 1:3 есебімен аяқталды. Екі гол соққан Максим Самородов «Ақтөбенің» жеңісін Рамазан Оразовқа арнайтынын айтты.