Бүгінгі подкаст от болды. Өйткені, Қазақстан премьер-лигасының 5-туры аясындағы матчтар голға да, тосын нәтижеге де толы болды.
Ермұхамед Мәулен әбден дайындалып, зығырданы қайнап келіпті. "Қайрат" – "Ақтөбе" матчының ұйымдастырылуы мен стадионға билет алып келген кей жанкүйердің даладан қайтқанын айтып шағымданды. Орталық стадионда өткен матчта қонақтар – "ақтөбеліктер" жеңіске жеткен еді. Сол матчтан кейін "Қайрат" футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев төрешілер тарапынан әділетсіздік болғанын айтып сынады. Бірақ Ермұхамед Мәулен танымал кәсіпкердің бұл сыны орынсыз екенін, "Ақтөбе" командасы шын мәнінде жеңіске лайық болғанын атап өтті.
Тұрақты сарапшымыз Елдос Ахметов те сенбі-жексенбі күндері өткен ҚПЛ матчтарын жіті қадағалап, кей тұстарын қойындәптеріне түртіп алыпты. "Ордабасының" ойыны неге жүрмеді, неге ел чемпиондары өз алаңында "Қызылжар" командасын тықсырта алмады? Бас бапкер Александр Седнев пен команда капитаны Асхат Тағыберген арасында кикілжің бар ма? Төрт матч бойы 1 голдан артық сала алмай келе жатқан "Ордабасы" командасындағы дағдарысқа бас бапкер кінәлі ме? "Ордабасы" ойыншылары Седневті сливать етіп жатыр ма?
Марин Томасовтың "Астана" сапындағы 100-ші голы командасына жеңіс сыйлай алмады. Биыл Қазақстан чемпиондығы үшін талас "Ақтөбе" мен "Тобыл" арасында өрби ме? БІРІНШІ БОЛ жүргізушілері мен арнайы сарапшысы бұл мәселеге де болжамын айтып, биылғы ҚПЛ фавориті кім болатынына тоқталды.
Қазақстан ұлттық құрамасында 17 матч өткізген, еліміздегі бірнеше клубтың намысын қорғаған Елдос Ахметов әр подкаст сайын басынан өткен бір қызықты айтып беретін болды. Бұл жолы экс-футболшы қазір түріктердің "Адана" клубында ойнайтын Абат Айымбетовтің ырымшылдығы жайында тоқталды. Бәрін білгіңіз келсе, подкасты соңына дейін көріп шығыңыз!