ҚПЛ-дің төрешілері әділетсіз дейді ел чемпиондары
Бұрынғы жылдары «Астана» мен «Қайрат» клубтары өзара чемпиондыққа таласып, өзге командалар «төрешілер осы екеуіне көмектеседі» деп ренжитін. Ал бұл жолы керсінше. Екі клуб та бүгін ресми сайттарында төрешілікке ренішін айтып, мәлімдеме жасады.
«Қайрат» 7-турда «Атырауды» қабылдаған. Төреші бірінші таймның соңында пенальти белгілеген. Бірақ қонақтардың шабуылшысы Педро Эуженио соққысын қақпашы қайтарып, гол кірген жоқ. Дегенмен, клуб басшылығы төрешілердің жұмысына көңілдері толмайды.
«Қайрат» футбол клубы 2024 жылдың 4 мамырында «Атырау» футбол клубына қарсы өткен премьер-лиганың жетінші турындағы матчтағы төрешілік сапасына алаңдаушылық білдіреміз. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясына осы оқиғаға қатысты объективті тергеу жүргізуді талап етіп, ресми шағым жіберілді. Біз ҚФФ бұл мәселені тез арада қарастырып, тиісті шараларды қабылдайды деп күтеміз», - делінген клуб мәлімдемесінде.
«Қайрат» пен «Атырау» матчына Денис Измайлов бастаған бригада қазылық етті.
Осының алдында клубтың бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Алматыдағы «Ақтөбе» матчтан кейін «төрешілер ойынды өлтірді» деген болатын.
Ал «Астана» клубынан спорттық директор Игорь Павлюк шығып, өз шағымын айтқан.
«Ақтөбеде керемет матч болды. Жарнамасы өз-өзін ақтады. Стадионда ине шаншар орын болған жоқ. Алғаш рет біздің жанкүйерлер Ақтөбеге барды. Бірақ осындай футбол мерекесін төрешілердің қателігі бұзды. Ешкімді кінәлағым келмейді, алайда соңғы кездері осындай жағдай көбейіп кетті. Бұған дейін «Елімаймен» ойында бір футболшымызға қызыл қағаз көрсетті, «Тобылмен» кездесуде ереже бұзылса да, гол есепке алынды. Енді, міне, «Ақтөбемен» матч та сол қатарда. Бұл бір нонсенс. Қарсыластың деңгейін мойындаймыз, бірақ біз осындай қателіктен 7 ұпай жоғалттық. Бұл бір «Астанаға» деген жеккөрушілік пе? Түсінбедім?», - дейді Игор Павлюк.
Ол елдегі футбол проблемаларын тізіп шыққан. Олардың қатарында стадион мен логистика бар. Сондықтан жақсы легионерлер шақыру оңай емес. Енді оған төрешілердің қателігі қосылса, Қазақстан чемпионатында доп тебетін ешкім қалмайды деп санайды.
«Алдында қателескен төрешіні екі турдан кейін қайта қатарға қосты. Ал жоғалтқан ұпай – клубтың, бапкердің, футболшының тағдырын шешеді. Осыны ойладық па? Қазақстанға доп тебуге келген легионерлерге жағдайды түсіндіре алмай қалдық. Кешегі ойыннан кейін бір футболшымыз құлшынысы жоғалғанын айтып, ойнамайтынын жеткізді. Сондықтан, федерация басшылығының төрешілер департаментіне сауал қоятын кезі келді деп ойлаймыз. Төрешілік департаментінің басшысы Перемитин өз жұмысын істей алмай жатыр. Сондықтан ол қызметінен кетуі керек», - дейді «Астана» клубының спорттық директоры.