«Астана-Арена» әзірге футбол ойындарын қабылдауға дайын емес
Астана қалалық құрылыс басқармасы елордадағы басты стадионды жөндеу жұмыстарына қатысты мән-жайды айтты.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда бөлшектеу жұмыстары толық аяқталған. Қазір негізгі шатырды бекіту, тіреу қабырғалары мен ішкі инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, газонды орналастыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, ведомство мынадай мәлімет келтірді: «Биыл қыркүйектен бастап, яғни Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан соң жасанды газон ауыстырылады. Онда жылыту және суару жүйесі қарастырылады».
6 қыркүйекте Ұлттар лигасы аясында Қазақстан мен Норвегия құрамалары кездесетінін ескерсек, командалардың ойыны Астанада өтуі екіталай.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының жаңа маусымында Қазақстан В тобында Аустрия, Норвегия және Словения құрамаларымен кездеседі. Ал Норвегияның басты жұлдызы – Эрлинг Холанд екені сөзсіз.