Оның мәселесі санаулы күндерден кейін шешіледі
Ағылшын Премьер-лигасында сәтсіз өнер көрсеткен «Манчестер Юнайтед» бас бапкерін ауыстыруы мүмкін деп жазады ESPN. Тіпті, Англия кубогіндегі жеңіс те бұл шешімге әсер етпейтін сыңайлы.
Еске салайық, 25 мамырда Англия кубогінің финалында «Манчестер Юнайтед» пен «Манчестер Сити» кездесіп, Тен Хаг шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Қазір нидерландтық маман еңбек демалысына кеткен. Алайда, ол өзінің болашағына алаңдайтынын жасырмайды. Өйткені, МЮ басшылары оған ешқандай кепілдік бермеген және алдағы төрт күнде бас бапкердің мәселесі шешілетінін айтқан. Осы уақытта командадағы мамандардың бәрі клубтың маусым бойы ойнаған ойындарына анализ жасайды. Егер Тен Хаг бұл лауазымға лайықты деп табылса әрі қарай жұмысын жалғастырады. Лайықты деп таппаса «Манчестер Юнайтедті» келесі маусымда басқа бапкер жаттықтыратын болады.
Манчестерлік команда АПЛ-де небәрі сегізінші орын алды. Дегенмен, Кубоктегі жеңісі оған келесі маусымда Еуропа лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Тен Хагты отставкаға жіберсе МЮ басшылары оған өтемақыны әдеттегіден көбірек төлейді.
Дереккөздің мәліметінше, қазірдің өзінде клуб басшылары Томас Тухель, Маурисио Почеттино, Киран Маккенн және Томаса Франк сынды бапкерлермен келіссөз жүргізген. Тіпті, Гарри Саутгейтке де қызығушылық бар. Бірақ, ол тек Англия құрамасымен ғана жұмыс істейтінін айтқан.