Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Футболды ойлап тапқан ағылшындар қашан Еуропа чемпионы атанады?

02.06.2024, 22:19

Ағылшын премьер-лигасы әлемдегі ең қымбат лигалардың бірі саналса да, биылғы Еурокубоктің финалына АПЛ-дің бірде-бір командасы шыға алмады. Чемпиондар лигасының былтырғы жеңімпазы «Манчестер Сити» мен «Арсенал» аталған турнирде жартылай финалдан шығып қалса, Еуропа лигасындағы «Ливерпуль» мен «Вест Хэм» да Италия және Германия клубтарынан өте алмады. Осылайша, кейінгі 9 жылда алғаш рет ағылшын командалары екі ірі турнирдің финалынан тыс қалды.

Ағылшындар футболды ойлап тапқанымен, әлемдік турнирлердің жеңіс кілтін таба алмай келе жатыр. Ақкөңіл ақсүйектер футболдың барлық қыр-сырын өзгелерге тәптіштеп түсіндіріп, допты қалай тебу керек екенін үйретіп, ақыр соңында өздері ойлап тапқан футболдың дамуына ілесе алмай қалды.

ЕУРО-2024 күнделігінің кезекті шығарылымын Англия құрамасына арнаймыз.

Англия өз футбол тарихында әлем чемпионы атағын 36 жыл күтті. Гордон Бэнкс, Джефф Херст, Бобби Чарльтон, команда капитаны болған Бобби Мур секілді талантты буынды әлем футболына төгіп бере салған ағылшындар 1966 жылы өз жерінде өткен мундиальдің алтын тұғырына көтеріліп, Әлем кубогін басынан асыра көтерді. Іріктеу кезеңінде Уругвай, Франция және Мексика құрамаларын тізе бүктірсе, ширек финалда Аргентина, жартылай финалда Эйсебионың Португалиясын жеңіп кетті. Ал финалда Франц Беккенбауэр бастаған Германия құрамасын қапы қалдырды. Бұл – Англияның әлем футболында мақтанып айтатындай тұңғыш әрі жалғыз чемпиондығы.

Еуропа чемпионатында Англияның жағдайы тым нашар. Құрама бұған дейін тоғыз мәрте Қарт құрлық біріншілігіне қатысса да, ешқашан чемпионаттың жеңімпазы атанбаған. Тек екі рет жарыстың қола жүлдесіне, бір мәрте күміс жүлдесіне ие болған. Бұл жетістіктердің өзі өткен ғасырдың еншісіне тиесілі. Жаңа ғасырда ағылшындарда бірнеше жұлдызды құрам болса да, тек осыдан үш жыл бұрын өткен Еурода ағылшындар алғаш рет Қарт құрлықтың финалына шықты.

Бұндай бақыт бір кездері Эшли Коул, Джон Терри, Стивен Джеррард, Фрэнк Лампард, Уэйн Руни секілді атақты жұлдыздарға бұйырмай кеткен еді. Еуропа біріншілігінің 60 жылдығы аясында ұйымдастырылған турнирде ағылшындар 60 жыл күткен арманына қол жеткізуге бір ғана қадам қалғанда сүрінді. Финалда Италия құрамасымен ойнаған Англия матч соңындағы пенальтиде қарсыластарына жол беріп, Еурода чемпион атану арманы тағы да кейінге шегерілді.

«Уэмбли» стадионында өткен финалда ағылшындар «Скуадра Адзурра» футболшыларымен тең дәрежеде ойнағанымен, сын сағатта халықаралық ойындардың финалында аса тәжірибесі жоқ Маркус Рашфорд, Джейдон Санчо, Букайо Сака 11 метрлік айып добын орындай алмай, былайша айтқанда, жанып кетті. Қазір бұл футболшылардың деңгейі өсті, жасыл алаңдағы тәжірибесі толысты. Кейінгі екі-үш жылда әрқайсысы өз клубтарының нағыз көшбасшысына айналды.

Бүгінгі Англия құрамасы да сол үш жыл бұрынғы биігінен түсе қойған жоқ. Әлем футболындағы адуынды құрамалардың бірі. Командада Беллингем сияқты жас жұлдыз футболшылар да, Кейн сияқты тәжірибесі толысқан, бірнеше турнирдің финалын көрген әккі ойыншылар бар. Гарет Саутгейт командасында ешқандай кадрлық мәселе жоқ. Әрине, қақпашыларды айтпағанда. Алаңның әрбір позициясында кемі екі-үш әлемдік деңгейдегі жұлдыз ойыншылары бар. Сондықтан Англияны екінші рет Еуроны финалына алып шыққан Саутгейттің енді қателесуге хақысы жоқ. Тек жұлдызды футболшылардың басын құрап, бір идея, бір мақсат аясында жұмылдырып, дұрыс ойната білсе болғаны.

Англияда талантты футболшылар шоғыры өте көп. Десе де олардың бәріне бірдей Еуропа, әлем чемпионаттарында доп тебу бақыты бұйыра бермейді. Мәселен, Рахим Стерлинг, Джейдон Санчо, Харви Эллиотт, Эрик Дайер, Маркус Рашфорд, Джордан Хендерсон және Бен Уайт Саутгейттің Еуро-2024-ке арналған негізгі құрамы былай тұрсын, 33 футболшы асақталған кеңейтілген құрамына да енбей қалды. Бір жағынан сондай футболшылардың ірі додадан тыс қалғанына ішің ашиды. Бірақ қақпашыларға келгенде ағылшындар әрдайым ақсап қалып жатады.  Құрамада нағыз көшбасшы қақпашы жоқ. Бұл да ағылшындардың бір кем дүниесі.

Кейінгі Еуропа және әлем чемпионаттарында Англия құрамасының қақпасын Джордан Пикфорд қорғап жүр. Биыл 30 жасқа толған «Эвертон» қақпашысы ешқашан әлемдегі ТОП қақпашылардың қатарында болмаған. Гарет Саутгейт келген соң ұлттық құрамада ойнай бастаған Джордан бұл Еурода да құраманың бірінші нөмірлі қақпашысы болуы әбден мүмкін. Өйткені «Арсеналдағы» Аарон Рамсдейл былтыр командасында тәуір ойын көрсеткенімен, биыл негізгі құрамдағы орнын Давид Раяға беріп қойды. Сонымен қатар Джеймс Траффорд пен Дин Хендерсон кез келген уақытта қақпаны қорғауға дайын.

Қорғанысқа келер болсақ, бұл жағынан Англия Еуропаның ең адуынды құрамаларының бірі саналады. Ағылшындар үнемі қаптал арқылы шабуылдағанды ұнатады. Оң қапталда Кайл Уокер мен Трент Александр-Арнолдқа сенім артылса, сол қапталда Киран Триппьер мен Бен Чилуэлл бір-бірін алмастырып отырады. Гарет Саутгейт кейінгі уақытта орталық қорғаныста Харри Магуайр мен Джон Стоунс жұбына сенім артып жүр.

Англия құрамасының жартылай қорғанысында әлемнің ең үздік және ең қымбат футболшыларының үштігі өнер көрсетеді. Джуд Беллингем, Деклан Райс және Фил Фоден. Биыл «Реал» сапына ауысып, керемет маусым өткізген Беллингем сөзсіз қазіргі кезеңдегі ең мықты жартылай қорғаушы. Бұл маусымда ол «Реал» сапында 19 гол соғып, 6 мәрте әріптестеріне нәтижелі пас берді. Дегенмен, Джудтың ұлттық құрамадағы көрсеткіші соншалық керемет емес. Десе де Германия жасыл алаңдарында жарқырап өнер көрсететіні белгілі. Сондай-ақ орталық алаңдағы Деклан Райс пен Фил Фоден биыл өз клубтарында жақсы өнер көрсетті. Екеуі де ойынды ортада ұстап, Англияның шабуылын бастап беріп отырады.

Оң қапталда Букайо Сакаға тең келер қарсылас жоқтың қасы. Шынашақтай болса да, қаптал арқылы кез келген қорғаушының мазасын қашырып, оп-оңай алдап кетуге шамасы жетеді. Сол қапталда Джек Грилиш ойнайды.

Ал шабуылда құрама капитаны және Еуро-2024 іріктеу кезеңінің негізгі сұрмергені Харри Кейн бар. Кейінгі бірнеше маусым бойы «Тоттенхэм» сапында ойнап, чемпиондық атаққа қол жеткізе алмаған Кейн былтыр кубок іздеп «Бавария» клубына ауысқан болатын. Өкінішке қарай, Харридің бұл жақта да жолы болмады. «Бавария» бірінші орын былай тұрсын, үшінші орынға әрең тұрақтады. Сондай-ақ биылғы маусымда «Ньюкасл» сапында 10 гол соғып, 11 мәрте нәтижелі пас шығарған Энтони Гордон, қарсылас қақпасына 22 гол соққан Коул Палмер, АПЛ-дің сұрмергендер көшінде 4-орында тұрған Олли Уоткинс Англия алға сүйреуге дайын тұрған сұрмергендер.

Англия – биылғы Еуроның басты фавориттерінің бірі. Тіпті, букмекерлік компаниялар да ағылшындардың жеңісіне өте сенімді. Өйткені, Англия құрамасы кейінгі жылдары чемпиондыққа бір қадам қалғанда тоқтап отыр. Мәселен, Ресейдегі әлем чемпионатында жартылай финалға, Қатардағы доп додасында ширек финалға дейін жетті. 2019 жылы Ұлттар лигасының қола жүлдесін жеңіп алды.

Құраманың ең осал тұсы – жоғарыда айтқанымыздай қақпашылар позициясы. Пикфорд тәжірибелі қақпашы болғанымен, тұрақты емес. АПЛ-дың биылғы маусымында ол көп уақытын емделумен өткізіп алды. Оның орнын басады деген Рамсдейл де «Арсеналдың» қосалқы құрамында қалып қойды.

Еуроның финалдық кезеңінде Англия С тобында Словения, Дания және Сербия құрамаларымен ойайды. Топтық кезеңде ұш құрама да ағылшындарға қиындық тудыра қоймас. Ал сіз қалай ойлайсыз? Англия биыл Еуропа чемпионы атана ала ма?  Ойларыңызды комментарийге жаза кетіңіздер.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам