Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Ең сексуалды әйел қай футболшыда екенін білесіз бе?

07.06.2024, 01:44

Ер адам – бас, әйел – мойын. Әрбір жетістікке жеткен ер адамның артында әйелдің шексіз махаббаты тұрады деп жатады. Спортта жүрген адамға жан-жарының қолдауы тіптен маңызды. «Бірінші гол» жобасының бүгінгі шығарылымында Еуро-2024 чемпионатында өнер көрсететін танымал футболшылардың жұбайлары мен олардың сүйіктілеріне шолу жасағанды жөн көрдік.

1. Саша Эттвуд (Джек Грилиштің сүйіктісі)

Букмекерлік кеңселер Еуропа чемпионатында Англия құрамасын фаворит санап отыр. Өйткені құрамында кілең «сен тұр мен атайын» дейтін ойыншылар бар. Ағылшындардың шабуыл шебіндегі жұлдыздарының бірі – Джек Грилиш десек қателеспейтін шығармыз. «Манчестер Сити» ойыншысы биыл кезекті рет премьер-лигада топ жарды. 29 жастағы футболшының жасыл алаңнан бөлек, қалай көңіл көтеретінін де жанкүйерлер жақсы біледі. Дегенмен, осындай кезде Джектің қасынан табылатын, тым артық ішіп кетпеуін қадағалайтын сүйіктісі бар. Оның есімі – Саша Эттвуд.

Екеуі 16 жасында танысқан. Мектепті бірге бітірген. Саша сүйіктісін футбол матчтарында үнемі қолдап, жанкүйер болып отырады. Бұл қарым-қатынаста қиындықтар болғаны да жасырын емес. Грилиш бір кезде басқа қызбен қыдырып көзге түскен еді. Дегенмен, қазір бәрі реттеліп, екеуінің махаббаттары нығая түскен.

Германия жасыл алаңдарындағы ойындарда Джекті қолдауға, әрине, Саша Эттвуд барары анық.

2. Анастасия Томазова (Андрей Луниннің жары)

Биыл Украина құрамасы өз тарихында қатарынан төртінші мәрте Еуропа чемпионатына қатыспақ. Әрине, олар Қарт құрлық додасының негізгі фавориттері қатарында жоқ. Бірақ біраз қарсыласқа қиындық тудыратыны анық. Құрамада Александр Зинченко, Михаил Мудрик, Ла лиганың үздік сұрмергені Артем Довбик бар. Сондай-ақ биыл «Реалдың» негізгі қақпашысына айналған Андрей Лунинді де ерекше атап өтуге болады.

Андрей Лунин қазіргі таңда тек жасыл алаңда ғана емес, әлеуметтік желіде де кең танымалдыққа ие. Бұған жұбайы Анастасия Томазованың қосқан үлесі зор. Ол әр матчта стадионнан табылып, Андрейге үлкен қолдау білдіріп отырады. Настяның Андрейден бақандай төрт жас үлкендігі бар. 1995 жылы туған украиналық арудың негізгі мамандығы – архитектор, дизайнер. Екеуі 2017 жылы әлеуметтік желіде танысып, 2020 жылы отау құрған. Арада бір жыл өткенде олардың ұлы дүниеге келеді. Германиядағы доп додасында Андрейге Анастасия мен ұлы жанкүйер болады.

3. Алисия Эйлис (Мбаппенің сүйіктісі)

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе жуырда ПСЖ клубынан кеткенін ресми мәлімдегенімен, әлі қай клубта өнер көрсететінін жариялаған жоқ. Футбол жанкүйерлеріне франциялық футбол жұлдызының келесі маусымда қай клубта өнер көрсететіні қызық болып тұр. Көпшілігі оны «Реал» клубына ауысады деп болжам жасап отыр. Сол сияқты Мбаппе жеке өмірін де құпия ұстап, көпшілікке сырын аша бермейді. Еуропалық БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, Килиан 2018 жылдан бері франциялық әнші, «Мисс Франция-2017» жеңімпазы Алисия Эйлиспен кездеседі. Алисия да спорттан алыс адам емес. Сұлу бойжеткен 4 жастан 16 жасқа дейін семсерлесу спортымен айналысқан. Әлеуметтік желіні өте белсенді жүргізбесе де, оған инстаграмда 500 000-ға жуық адам жазылған.

Бейресми мәліметтер бойынша, Алисия мен Килиан 2018 жылы танысқан. Тіпті, Алисия сол жылы Ресейде өткен футболдан әлем чемпионатын стадионнан тамашалаған. Ол 1/8 финалдағы Франция — Аргентина құрамаларының матчында журналистер көзіне түсіп қалған. Десе де, әлі күнге дейін Килиан да, Алисия да өздерінің сезімдерін ашық мәлімдеген емес. Алисияны, бәлкім Германиядағы доп додасында көріп қалармыз.

4. Леонита – (Гранит Джаканың әйелі)

Былтыр «Арсенал» сапынан кетіп, «Байерге» ауысқан Гранит Джака алғашқы маусымында-ақ Германия чемпионы атанды. Шыққан тегі албаниялық футболшы қазіргі таңда Швейцария құрамасының капитаны және ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген футболшы. Джака мұсылман болса да, әйелі ел алдына шыққанда да, әлеуметтік желідегі парақшасында да ашық киіммен жүргенді ұнатады.

Леонита мен Джака екеуінің тағдыры бір-біріне қатты ұқсас. Екеуі де 1992 жылы туған және шыққан тектері албаниялық. Сонымен қатар ерлі-зайыптының бірі Швейцарияда, екіншісі Германияда өскен. Қос ғашық 2015 жылы Гранит Менхенгладбахтың «Боруссия» клубында ойнап жүргенде танысып, 2017 жылы отбасын құрған. Леонита көпшілікке модель ретінде танымал. Сондай-ақ ол атпен серуендегенді ұнатады. Кейінгі жылдары атпен серуендеу футболшылардың әйелдерінің негізгі хоббиіне айналып барады.

5. Изабель Ковачич (Матео Ковачичтің әйелі)

Футболшылар арасында ұлттық құрамада да, клубта да бірдей жолы болып, ірі турнирлерде топ жарған ойыншы көп емес. Бұл тұрғыда хорватиялық Матео Ковачичтің мерейі үстем. Жуырда ғана орда бұзар 30 жасқа толған жартылай қорғаушы бүгінге дейін үш чемпионатта алты мәрте топ жарып, төрт рет Чемпиондар лигасында жеңіске жетті. Ал ұлттық құрамамен бірге қатарынан екі әлем чемпионатында жүлде алды.

Ковачич әр турнирде топ жарып, кубок ұстағанда оның жанынан әрдайым әйелі Изабель Ковачич табылады. Изабель көпшілікке блогер, модель ретінде танымал. Сонымен қатар ол кейінгі уақытта бизнеспен де айналыса бастаған. Бизнесвуменнің эко киім  сататын дүкені бар. Ал негізгі мамандығы –экономист. Матео мен Изабель алғаш рет шіркеуде кездесіп, танысқан. Ол кезде Изабель хорда ән орындаған. Қыз-жігіт болып қолы ұстасып жүрген қос ғашық 2017 жылы қарым-қатынастарын заңдастырып, ресми түрде ерлі-зайыпты атанды.

6. Елена Матич (Доминик Ливаковичтің әйелі)

Футболдан Қатардағы әлем чемпионатында Хорватия құрамасының қола жүлде жеңіп алуына көп үлес қосқан ойыншының бірі – қақпашы Доминик Ливакович екені даусыз. Матч барысындағы сейвтерін айтпағанда, ол бірнеше рет ойын соңындағы пенальтиді сәтті қайтара білді. Ал Доминиктің өзі Қатардағы доп додасында сәтті өнер көрсетуіне жұбайы Елена Матичтің қолдауы зор екенін жасырмайды. Сонымен қатар Елена күйеуіне психологиялық проблемалардан арылуға да көмектеседі.

Елена Матич те спортпен айналысқан. Атақ-даңқы Доминик сияқты болмаса да, мәнерлеп сырғанау спортымен өз деңгейінде шұғылданған. Бірақ жарақатына байланысты карьерасын ерте аяқтаған. Елена әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Үнемі күйеуі екеуі саяхатта түскен суреттерді салып отырады. Сондықтан екі жұптың өмірі әрқашан оқырмандары мен журналистердің назарында. Сондай-ақ Елена футбол стадиондарындағы фототілшілердің де камерасына жиі түседі.  

7. Ница Тавадзе (Хвича Кварацхелияның жары)

Биылғы Еуро-2024 турнирінің дебютанты Грузия – өз тарихында тұңғыш рет қарт құрлық додасында өнер көрсетеді. Қазіргі таңда құрамадағы ең танымал футболшының бірі – Хвича Кварацхелия екені белгілі. 2022 жылы Италия А сериясының «Наполи» командасына ауысқан ол былтыр командасымен бірге чемпионатта жеңіске жетіп, Еуропа футболында шағын сенсация жасады. Алғашқы маусымында ол 34 матчта алаңға шығып, 12 гол соқты. Сондай-ақ әріптестеріне 10 нәтижелі пас асырған. Биыл да 11 гол салып, 6 мәрте ассист жасады. Хвича Кахабер Каладзеден кейін Италия футболын шулатқан екінші грузиялық футболшы.

Кварацхелия Италияға қоныс аударған соң Батыстың БАҚ беттерінде жиі шыға бастады. Сондай-ақ ол былтыр «Алтын доп» марапатын тапсыру рәсімінде болашақ жары Ница Тавадземен бірге алғаш көпшіліктің алдына шықты. Хвичаның көңілі түскен ару Тбилисидегі медициналық институттың студенті. Бірнеше жылдан бері қыз-жігіт болып жүрген Хвича мен Ница былтыр күзде некесін қидырды. Ница Тавадзе көп футболшылардың әйелдері сияқты ел алдында жүргенді аса ұната қоймайды. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерді де белсенді пайдаланбайды.

8. Сара Арфауи (Илкай Гюндоганның жұбайы)

Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Илкай Гюндоган былтыр «Манчестер Сити» сапында тәп-тәуір ойнаса да, маусым соңында «Барселона» клубына ауысқан болатын. «Манчестер Ситидегі» соңғы маусымында Гюндоган АПЛ чемпионы атанып, Англия кубогі мен Чемпиондар лигасында топ жарды. Ал Испаниядағы алғашқы маусымында Ла лиганың күміс жүлдесін олжалады. Шетелдік БАҚ өкілдерінің жазуынша, Илкай Гюндоганның «Барселонаға» ауысуына жұбайы Сара Арфауи себеп болған. Өйткені Сараға Манчестердегі ресторандар ұнамаған. Әсіресе, қаланың инфрақұрылымы мен жергілікті асханасы көңілінен шықпаған.

Сыр-сымбаты келіскен Сара Францияның Ницца қаласында туған. Ол кәсіби модель және L’Officiel және Vogue секілді журналдарға түседі. Сондай-ақ Сара Италияның Rai 1 телеарнасының жүргізуші. Бірақ ол франциялық W9 телеарнасындағы «Махаббат ханзадалары мен ханшайымдары» телешоуының сегізінші маусымына түскен соң танымал бола бастады. Ол сериалда жігіттерді өзіне қаратып, баурап алатын қыздың рөлін сомдаған. Жігіттерді есінен тандыратындай сұлулығы бар Сара үшін бұл роль қиынға соқпағаны анық. Сара мен Илкай 2022 жылы отбасын құрды.

9. Алессия Элефанте (Джанлуиджи Доннарумманың әйелі)

2021 жылғы Еуропа чемпионы және турнирдің ең үздік ойыншысы атанған  Джанлуиджи Доннарумма чемпиондық атағын қорғау үшін биыл Германиядағы Еуроға Италия құрамасын бастап барады. Ал қақпашыға чемпионатта сәтті өнер көрсетуге сүйіктісі Алессия Элефантенің стадионнан қолдау білдіріп, тілекші болғаны аса қажет. Әйгілі италиялық қақпашы Джанлуиджи Буфонның тек атын алып қана қоймай, бар өнерін бойына сіңірген кіші ДжиДжи Алессия Элефантемен 2017 жылдан бері қарым-қатынаста.

Италиялықтарда қазақтардағыдай «Махабат жасқа қарамайды» деген тәмсіл бар ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз. Бірақ «бойға» қарамайды деген сөз бар секілді. Өйткені Доннарумманың бойы 196 сантиметр болса, Алессия одан бақандай 30 сантимтерге кіші. Элефантенің бойы 165 сантиметр. Былай қарасаңсыз, бойларында айтарлықтай алшақтық болмағанымен, әлеуметтік желідегі суреттерінен тіпті Доннарумма жұбайынан екі есе үлкен болып көрінеді.

Алессия – өзге футболшылардың жұбайы сияқты емес. Интернетте ол туралы мәлімет өте аз. Тіпті оның ата-анасы кім, қайда оқығаны, қайда жұмыс істейтіні туралы мүлде мәлімет жоқ. Бір белгілісі, ол үнемі қымбат курортты аймақтарда демалысын өткізеді. Айтпақшы, жуырда Доннарумма әлеуметтік желіге әйелі екеуінің суретін жүктеді. Суреттен байқағанымыздай, екеуі сәби күтіп жүр.

10. Джорджина Родригес (Криштиану Роналдудың әйелі)

Еуро-2024 турниріне баратын футболшылардың әйелі туралы әңгіме айтыла қалғанда Криштиану Роналдудың үйіндегі 5 баланы тәрбилеп, қазақшалап айтқанда күйеуінің ас-суын дайындап отырған Джорджина Родригесті айтпай кетуге болмас.

Джорджина қазіргі таңда әлемдегі ең ықпалды және әйгілі әйелдердің бірі. Баяғыда аяқ-астынан танымал болып, тез байып кететін жолы болғыштарды кинодан ғана көруші едік. Сөйтсек, мұндай жағдай шынайы өмірде де кездеседі екен. 2016 жылы италиялық белгілі брендтік дүкеннің сатушысы болып жұмыс істеп жүрген Родригестің өмірі дүкенге Роналду келген күні-ақ 180 градусқа өзгеріп кетті.

Қазіргі таңда қарапайым отбасынан шыққан Джорджина қаржылық жағдайы жерге шырт түкіріп жүрген анау-мынау бизнесмендерден кем емес. Әлемдік Celebrity Net Worth ұйымының зерттеуі бойынша, Родригестің қаржылық әлеуеті 10 миллион доллардан асады.

Қарапайымдылығын сақтап қалған Джорджина қанша бай болса да, жұрттың бәрі білетін жұлдыз болса да, бірінші орынға ешқашан ақшаны емес, отбасын қоятыны көпшілікті сүйсінтіп келеді. Ол үнемі отбасымен, болмаса бала-шағасымен саяхаттап жүреді. Сондай-ақ аргентиналық бикеш кейінгі жылдары қоғамның дамуына үлес қосуға тырысып, қайырымдылықпен айналысып жүр. Жуырда модель Save the Children ұйымының елшісі атанып, балаларды кедейліктен арылтуға бар күш-жігерін, ынтасын салып жұмыс істеп жүр.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам