Жаңа шығарылым! Қонақта Есен Елеукен ағамыз! EURO-2024

Еурода ерекше көзге түсуі мүмкін ТОП-10 жас талант

12.06.2024, 15:34

Құрлық чемпионаты 14 маусым мен 14 шілде аралығында өтеді

Әлем, Еуропа чемпионаттары сияқты ұлттық құрама деңгейіндегі ірі турнирлер жас ойыншылардың өзін көрсетуіне таптырмас мүмкіндік екені белгілі. Жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жас таланттар трансферлік құнын, ТОП-клубтардың қызығушылығын арттырады. Әлемдік футболда жұлдыз ойыншылар көбінесе ерте жастан таныла бастайды. Мәселен, аргентиналық Лионель Месси өзінің алғашқы «Алтын добын» небәрі 22 жасында алса, Криштиану Роналду алғаш рет Еуропа чемпионатына 19 жасында қатысып, футбол мамандарының назарын өзіне аударды. Ал Килиан Мбаппе 17 жасында өзін супер талант ретінде дәлелдей білді.

«Бірінші голдың» бүгінгі шығарылымын биылғы Еуро-2024 турнирінде ерекше өнерімен көзге түсуі мүмкін ТОП-10 футболшыға арнаймыз.

Беньямин Шешко (Словения)

Германия жасыл алаңдарында өтетін футболдан Еуропа чемпионатында бағы жануы мүмкін жас футболшының бірі – 21 жастағы словениялық Беньямин Шешко. Аустрияның «Зальцбург» командасында өнер көрсеткен Шешко аталған клубтың Холанд, Мане, Собослай секілді футболшылардан кейін түлеп ұшырған тағы бір жұлдызы.

Өз елінде «Радече», «Кршко» және «Домжале» клубтарында ойнаған Шешко 2019 жылы «Ред Булл Зальцбург» клубы скауттарының көзіне түсті. Алдымен жастар, кейіннен негізгі команда қатарына алынған словениялық футболшы үш жылдың ішінде өз шеберлігін шыңдап, азулы командалардың қатарында ойнауға дайын екенін көрсетті. Сөйтті де 2023 жылы «Лейпциг»  командасының ойыншысы атанды. Германияға қоныс аударған алғашқы жылында-ақ Бундеслигада 31 матчқа қатысып, 14 мәрте мергендік танытты. 2 рет нәтижелі пас асырды. Сонымен қатар Шешко Бундеслигада мүмкіндіктерді пайдалану жағынан ең жоғары коэффициентке ие болды. 195 сантиметрлі бойшаң футболшы техникалық жағынан да өте шебер. Қазір Шешкоға Лондонның «Арсеналы» өте қатты қызығушылық танытып отыр. Тіпті, оған 50 млн евро төлеуге дайын. Егер алдағы Еурода жарқын ойынымен көзге түсетін болса, оған «құда түсетін» командалардың да, көп ақша ұсынатындардың да қатары арта түсері анық.

Флориан Вирц (Германия)

Еурода жарқырауы мүмкін футболшының бірі – германиялық Флориан Вирц. Дәл қазіргі уақытта Вирц – неміс футболындағы ең жарқын жас таланттардың бірі. Ол алаңдағы керемет техникасымен, допты өз бақылауында ұстауымен, алаңды көре алуымен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде оған топ-клубтардан сұраныс бар.

Вирц осыдан екі жыл бұрын-ақ мамандар көзіне түсуі мүмкін еді. Алайда жарақаты жас футболшының жұлдызы ертерек жануына кедергі келтірді. Бірақ Флориан сынаққа сынған жоқ. Жарақатынан айыға салып, биылғы маусымда «Байердің» нағыз көшбасшысына айналды. Командасымен бірге Бундеслигада бірде-бір матчта жеңілмей, тарихта алғаш рет Германия чемпионы атанды. Сондай-ақ Флориан командамен бірге Еуропа Лигасының финалына дейін жетті. Вирц 2020 жылдан бері «Байер» сапында 109 ойын өткізіп, 25 гол соқты.

Ал Германия құрамасында 2021 жылы дебют жасады. Алғашқы ойынын Лихтенштейнге қарсы өткізді. Жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапындағы соңғы 10 матчтың 8-інде алаңға негізгі құрамда шықты. Тіпті, наурыз айындағы жолдастық кездесуде Франция қақпасына гол да соқты. Вирцтің басты қасиеті – пастарды анық беруінде. Opta сараптамалық компаниясының мәліметі бойынша, Флориан қақпаға анық соққы жасау бойынша Бундеслиганың үшінші ойыншысы атанды. Ол  тек РБ Лейпцигтің Джави Симонсынан (176) және Бохумның Кевин Штегерінен (231) қалып қойды.

Эдуардо Камавинга (Франция)

«Ренн» футбол клубының тәрбиеленушісі, «Реалдың» негізгі ойыншысы Эдуардо Камавинга осы Еурода жұлдыз атануы мүмкін футболшы. Камавинга жастығына қарамастан үлкен турнирлерде ойнау бойынша мол тәжірибеге ие. Ол кейінгі екі жылда екі ірі жарыстың финалында ойнады. Бірі 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионаты болса, екіншісі биылғы Чемпиондар лигасының финалы. Камавинга – өте әмбебап футболшы. Ол қорғаныста да, жартылай қорғаныста та ойнай алады. Карло Анчелоттидің өзі Камавинганың кез келген позицияда ойнай алатын тамаша футболшы екенін атап өткен болатын.

Камавинга қарсыластың кез келген қысымына төзімді, допты тартып алу жағынан да ең тиімді футболшы. Алаң ортасында қарсыластардың шабуылын тоқтата алады. Биылғы маусымда Эдуард «Реал» сапында 44 матч өткізіп, 4 мәрте нәтижелі пас берді. Камавинга Дидье Дешам жетекшілігіндегі Франция құрамасының Еуроға қатысатын футболшылардың соңғы тізіміне енді. Енді оған алаңда жанкүйерлердің және бапкердің көңілінен шығатындай ойын көрсету ғана қалды.

Джуд Беллингем (Англия)

Бұған дейінгі шығарылымдарда айтып өткеніміздей, биылғы Еуроға қатысатын Англия құрамында жұлдыз футболшылар да, осы додада жарқырап көрінуі мүмкін ойыншылар да жетіп артылады. Дегенмен, солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі әрине, Джуд Беллингем. Негізі ағылшын футболшысын дәл қазіргі уақытта өзінің талантын дәлелдеген әлемдік деңгейдегі жұлдыз деп айтуға болады. «Реал» сапына биыл ғана ауысса да Корольдік клубтың көшбасшысына, негізгі құрамның ойыншысына айналды. Гол+пас жүйесі бойынша да үздік ойыншы және үздік сұрмерген атанды. Ол 40 ойында "гол+пас" жүйесі бойынша 35 ұпай жинады. Яғни, 23 гол соғып, 12 мәрте нәтижелі пас берді.  

Сондай-ақ Беллингемде кез келген футболшыға беріле бермейтін бір қасиет бар. Ол – жасыл алаңда бесаспап ойыншы. Ол «сегіздікте» де, «ондықта» да, артқы шабуылшы ретінде де, жартылай қорғаныста да, қапталда да ойнай береді. Физикалық жағынан да өте мығым.

Биылғы Еурода Беллингемге өзін дәлелдеп, мамандардың көзіне түсудің еш қажеті жоқ. Өйткені ол қазірдің өзінде кез келген футболшының арманы болған «Реал» сапында доп тебеді. Жуырда ғана Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Енді футболшыда қазір бір ғана мақсат бар. Ол – Англия құрамасымен бірге Еуропа чемпионатында топ жару және «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алу. Сондықтан Беллингем бар жауапкершілікті өз мойнына алып, құрамасы үшін жасыл алаңда жанын беріп ойнауға тиіс.

Джамал Мусиала (Германия)

Германия футболының құбылысына баланған Джамал Мусиаладан футбол мамандары биылғы Еурода көп үміт күтеді. Өйткені 21 жастағы футболшы биыл өзінің екінші ірі турниріне қатыспақ. Осыдан екі жыл бұрын Қатардағы әлем чемпионатың финалында ойнап, Германия құрамасы сапындағы ең нәтижелі футболшының бірі болды.

Бір өкінішті, Мусиала қазір бабында емес. Себебі ол маусымның біраз бөлігін жарақатына байланысты өткізіп алды. Соған қарамастан биыл қатарынан екінші жыл Бундеслигада қарсыластар қақпасына ең көп соққы жасаған ТОП-20 футболшының қатарына еніп отыр.

Джамал Вриц сияқты ересектер футболына ерте араласып, талантымен ерте танылған жас футболшының бірі. Футбол әліппесін аталған ойынның қайнар бұлағы саналатын Англиядан үйренген Мусиала әр жылдары Англия жастар құрамасында да ойнаған. Бірақ ересектер қатарына қосылған тұста Германия құрамасының жейдесін киді. Ұлттық құрамаға шақырту алған үш жылдың ішінде Мусиала Германия құрамасының негізгі ойыншысы және «Баварияның» көшбасшыларының біріне айналды. Гол+пас жүйесі бойынша Бундеслигада үздіктер қатарында.

Джамалдың алдында Тони Кроос, Илкай Гюндоган секілді арқа сүйер футболшылар барда, оған биылғы Еурода жарқырап ойнамау үлкен сын болар.

Коул Палмер (Англия)

Биылғы маусымда АПЛ-дің ең үздік жас ойыншысы атанған Коул Палмерді де бұл тізімге қоспай кетуге болмас. Бір қызығы, 22 жастағы «Челсидің» жартылай қорғаушысы – бұл атақты чемпионатты жеңбей-ақ алған алғашқы футболшы. Үміткерлер қатарында Филип Фоден, Эрлинг Холанд, Букайо Сака, Уильям Салиба, Кобби Мейну, Александр Исак және Дестини Уджи секілді ойыншылар болса да, мамандар ең үздік деп Коулды таныды. Палмер бұл маусымда 22 гол соғып, 10 мәрте нәтижелі пас берді. Сәуірде ол «Эвертон» қақпасына 4 гол соғып, 2010 жылдан кейін «Челси» сапында покер жасаған алғашқы ойыншы атанды.

Былтыр «Манчестер Ситимен» УЕФА Суперкубогін жеңіп, сол матчта мергендігімен көзге түскен ағылшын футболшысы өткен маусымның алдында ешкім күтпеген батыл қадам жасап, «Челсиге» ауысып кетті. Коул «Сити» сапында қосалқы құрам ойыншысы болып, жүлде біткенді жеңіп жүре беруіне де болар еді. Бірақ жас футболшы өзінің бағын ашатын команданы іздеп, былайша айтқанда «комфорт зонадан» шыққысы келді. Сөйтті де жаңа командаға тез бейімделіп, «Челсидің» негізгі құрамынан орын тапты. Голдарды да топырлатып соғып, бірнеше ойында командасының қаһарманына айналды. Енді бұл нәтижесін Еурода да қайталауы мүмкін.

Ламин Ямаль (Испания)

Испаниялық жас талант – Ламин Ямаль да биылғы Еуроның қаһарманы атануы мүмкін. «Барселонаның» негізгі командасына алынғаннан бері Ямаль бірнеше рекорд орнатып үлгерді. Тамаша дриблингке ие жас шабуылшы өз клубының да, құрамасының да ең жас ойыншысы. Сондай-ақ Чемпиондар Лигасына қатысқан ең жас екі футболшының бірі және Испания құрамасы тарихында Еуро-2024 іріктеуінде гол соққан ең жас футболшы.

Ямаль осы маусымда «Барселона» сапында 48 матч өткізіп, 7 гол және 9 нәтижелі пас жасады. Бұл – 16 жасар бала үшін тамаша көрсеткіш. Салыстыруға келе қоймас, бірақ бұл уақытта Лео Месси «Барселонаның» жастар командасына доп теуіп жүрген еді.

Ямаль былтыр қыркүйек айында Испания құрамасына шақырту алып, Грузияға қарсы ойында дебют жасады. Сондай-ақ іріктеуде екі мәрте мергендігімен көзге түсіп үлгерді.

Ламин жастығына қарамастан, жылдамдық жағынан да, техникалық шеберлігі жағынан да кез келген футболшыдан алда тұрады. Сондықтан да Луис де ла Фуэнте Ямальді өзімен бірге Германияға алып бара жатыр. Ұлттық құрама деңгейіндегі өзінің алғашқы ірі турниріне қатысқалы жатқан Ямаль чемпионат аяқталуына бір күн қалғанда 17 жасқа толады.

Хави Симонс (Нидерланд)

Испания, Англия, Германия сияқты Нидерланд құрамасында да талантты футболшылар аз болмаған. «Қызғалдақтар» елінен әр жылдары жас жұлдыздар жарқырап шығып отырған. Қазіргі таңдағы сондай футболшылардың бірі ретінде 21 жастағы Хави Симонсті айта аламыз. Футбол мамандары биылғы Еурода Симонстен де көп үміт күтеді.

«Барселона» академиясында тәрбиеленіп, кейіннен ПСЖ және ПСВ командаларына ауысқан  Хави Симонс биылғы маусымды Германияда жалда өткізді. Хави РБ Лейпциг командасы сапында бұл маусымда 43 матч өткізіп, гол+пас жүйесі бойынша 10+15 ұпай жинады.

Көп футболшы 21 жасында үлкен футболға енді қадам жасап жатса, Хави ПСЖ-мен бірге Франция чемпионатын және Франция кубогін, ПСВ сапында Нидерланд кубогі мен суперкубогін жеңіп алды. Сонымен қатар РБ Лейпцигпен Германия суперкубогін иеленді. Бундеслигада екі мәрте айдың ең үздік ойыншысы атанды.

Симонс өзінің техникасымен және ерекше әрекеттерімен кез келген уақытта қарсылас команданың айып алаңына қауіп төндіре алады. Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Симонс Нидерланд құрамасының бірде-бір ойынынан тыс қалған жоқ.

Джорджио Скальвини (Италия)

Италия құрамасында биылғы Еурода қатарынан екінші рет чемпион атануға және екінші рет ең үздік ойыншыға берілетін атақты олжалауға жақсы мүмкіндік туып тұр. Өйткені құрама кіл мықты жас футболшылармен жасақталған. Мәселен, жуырда ғана «Аталантамен» бірге Еуропа лигасын жеңіп алған Джорджио Скальвини Италияның қазіргі уақыттағы ең талатты футболшыларының бірі.

Бойы 2 метрге жуықтайтын жартылай қорғаушы «Аталанта» сапында екінші жыл негізгі құрамда өнер көрсетуде. Орталық алаңда доппен еркін ойқастап, командасының шабуылын бастап беретін ойы ұшқыр футболшы. Стандартты жағдайды да керемет орындай алады. Италия құрамасының бас бапкері Лучано Спаллетти Сальвинидің осы бір ерекшеліктерін жоғары бағалайды.

Джорджио – «Аталантада» Исак Хиннен кейін А Сериядағы әуедегі допқа талас бойынша екінші орында тұр. Ал жалпы лигада ТОП-15 футболшының қатарында. Ал допқа тосқауыл қою бойынша Италия чемпионатындағы үшінші ойыншы.

Уоррен Заир-Эмери (Франция)

Франциялықтар да таланттарды тәрбиелеп шығарудан тоқтар емес. Биылғы Еурода «үш жолақты» елдің құрамасынан жартылай қорғаушы Уоррен Заир-Эмеридің де бақ-жұлдызы жануы мүмкін. 2022 жылдан бері ПСЖ сапында 52 матч өткізіп, 4 гол соққан Уорреннің негізгі міндеті орталық алаңда футболшылардан допты тартып алып, команданың шабуылын бастау. Ал ол бұл жұмысты жастығына қарамастан, жоғары деңгейде атқарып келеді.

Жас таланттың шеберлігін байқаған Дидье Дешам былтырдан бастап Эмериді ұлттық құрамаға шақыра бастады. Бірақ бас бапкер оның болашағына ұқыптылықпен қарап, бірден негізгі құрамға қосқан жоқ. Дегенмен, ол ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын Гибралтарға қарсы өткізіп, гол да соқты. 14:0 есебімен аяқталған матчта Эмеридің гол соқпасқа да амалы жоқ еді. Франция құрамасы сапында көп ойын өткізбесе де Дешам оны Еуроға баратын футболшылар тізіміне қосты. Демек, бұл – Уоррен Заир-Эмери үшін бүкіл әлемге өзін көрсететін тамаша мүмкіндік. Оны пайдалану-пайдаланбау футболшының өз қолында.

Біз атап өткен футболшылар – Еуроның ең үздігі атану мүмкіндігіне ие болғандардың тек бір парасы ғана. Бұлардан бөлек әр құрамада болашағынан, ойынынан үміт күттіретін талантты футболшылар жетіп артылады.  Сондықтан сіздер кімдерден үміт күтесіздер, қай футболшы ең үздік атануға лайық деп ойлайсыздар, өз ойларыңызды пікір алаңына жаза кетіңіздер. Бірге талқылайық.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам