Ол негізгі құрамда алаңға шығып, 86-минутта алмастырылды
«Барселона» клубының 16 жастағы футболшысы Ламин Ямаль Испания құрамасының сапында Еуропа чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізді.
Шабуылшы Хорватиямен болған матчта алаңға негізгі құрамда шықты. Осылайша, 16 жас 338 күнде кәрі құрлық біріншілігіндегі дебютін өткізген испаниялық футболшы Еуропа чемпионатының тарихындағы ең жас ойыншы атанды. Бұдан бөлек, бүгін Ямалдың әкесінің туған күні екен. Яғни жас футболшы әкесіне ерекше сыйлық жасады. Өйткені, Испания Еуродағы бірінші матчын 3:0 есебімен жеңіспен аяқтап отыр.
Бұған дейінгі рекорд польшалық Кацпер Козловскиге тиесілі еді. Ол 2021 жылғы Еуропа біріншілігінің топтық кезеңінде Испаниямен өткен ойында алаңға шыққан. Ол кезде Козловски 17 жастан 246 күнге асқан болатын.
Айта кетейік, Испания сапынан Хорватия қақпасына жауапсыз үш голды Мората, Руис және Карвахаль соқты. Үш гол да бірінші таймда соғылды.