Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Жарақат алған Мбаппе енді Еуропа чемпионатын жалғастыра алмауы мүмкін

18.06.2024, 09:44

Әзірге Еуро француз жұлдызы үшін күрделі турнир болып тұр

Жарақат алған Мбаппе енді Еуропа чемпионатын жалғастыра алмауы мүмкін
© Marvin Ibo Guengoer - GES Sportfoto

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе Еуропа чемпионатының алғашқы турының Австриямен өткен матчында жарақат алып қалды.

Әзірге Еуро француз жұлдызы үшін күрделі турнир болып тұр. Әлем чемпионаттарындағы 14 матчта 12 голмен көзге түскен Мбаппе Еуропа біріншілігінде мергендік таныта алмай-ақ қойды. Құрамасының алғашқы ойынында да Килианға артылған үміт зор болды. Бірақ бұл жолы да сәттілік жолдас болмады. Қарсылас қақпашысымен жеке дара қалған оның соққысы қақпадан қиыс кетті. 

Иә, бұл матчта Франция жеңгенімен, оның өзінде жалғыз голды Австрия футболшысы Максимиллиан Йобер өз қақпасына бағыттап алды. 
Таблодағы бір гол айырмашылығы екі командаға да үлкен жауапкершілік жүктегендей. Сондықтан ойында футболшылардың қақтығысына көп куә болдық. Бірде Баумгартнер қақпашы Мик Меньянның бетіне бутсымен тебе жаздағаны үшін сары қағаз алса, тағы бірде Антуан Гризманн жарнама бағанына оңбай соғылып, маңдайы жарылды. 

Жанкүйерлердің жанын ұшырған сәт, әрине, көшбасшы Мбаппенің тұмсығының бұзылуы. Австриялық қорғаушы Кевин Данзомен допқа таласта Мбаппе оның иығына мұрнымен соғылып, көпшілік шабуылшының мұрнынан қан кеткенін көрді. Бастапқыда оның жарақаты күрделі, операция қажет, сондықтан Килиан алдағы ойындарға қатыса алмауы мүмкін деген ақпарат тараған. Оның үстіне футболшыны ауруханаға жедел жәрдеммен алып кетті. Бірақ медициналық тексерістен кейін Мбаппеге операция қажет еместігі анықталды. Енді ол жұма күні Нидерланд құрамасына қарсы матчта алаңға шығуы мүмкін.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам