31 жастағы Погбаның енді үлкен спортқа келуі екіталай
«Ювентус» клубының жартылай қорғаушысы Поль Погбаның мәлімдемесі көпшілікті уайымдатып қойды. Ол бұған дейін тыйым салынған препарат қолданғаны үшін спорттан төрт жылға шеттетілген болатын.
Погба 2018 жылы Франция құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған болатын. Енді ол өзін өлілердің қатарына жатқызып отыр.
«Мен біттім. Өлдім. Поль Погба енді жоқ. Өзімнің кім екенімді білуден қалдым. Бұрын футбол менің өмірім, құлшынысым болатын. Қазір өзімді бәрін жоғалтқан адам секілді сезініп отырмын», - деп келтіреді Reddit басылымы 31 жастағы француз футболшысының сөзін.
Спортшының «Ювентуспен» келісімшарты 2026 жылға дейін есептелген, алайда француз футболдан шеттетілген соң туриндік клуб оған жалақы төлеуден бас тартты.
Естеріңізде болса, былтыр күзде танымал футболшы төрт жылға жарыстардан шеттетілген еді. Француздың ағзасынан допинг анықталды. Погба апелляцияға бергенімен, оның алаңға шықпағанына біраз уақыт өтті, сондықтан дисквалификация мерзімі азайған күйдің өзінде оның өз бабына енуі екіталай. Ал оның бұл сөздері қазір қатты күйзелісте жүргенін аңғартады.