Черчесовтың қазақшаны қандай деңгейде үйренгені әзірге белгісіз
Қазақстан құрамасы мен «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп бас бапкер Станислав Черчесовтің қазақ тіліне қатысты келеңсіз жағдайға тап болуы туралы ойын айтты.
Есте болса, ресейлік маман Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалғаннан кейін журналистермен кездескен болатын. Жиында журналистердің бірі бапкерге қазақша сұрақ қойып, оның ашуын тудырған. Тіпті, Черчесов тек орыс тілінде сұрақ қоюды талап еткен еді. Мұнан кейін қоғам наразылығы туындап, көпшілік оның отставкаға кетуін талап етті.
«Мен оны түсінемін. Тілші де орысша біле тұра қазақ тілінде сұрақ қойды. Сол үшін де ол «осетинше де жауап бере аламын» деді. Сондықтан қазақ тілінде сұрақ қою арқылы тілші хайп жасағысы келді», - деді Әліп.
Осы оқиғадан кейін Черчесов қазақ тілі курсын оқуға кіріскенін мәлімдеген. Алайда, оның мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде үйренгені әзірге белгісіз.