Элиталық раундтың жеребе тарту рәсімі 31 қазанда өтсе, матчтар 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді
Футзалдан Чемпиондар лигасының негізгі раундының қорытынды турында «Семей» мен «Қайрат» клубтары жеңіске жетіп, элиталық раундқа шықты.
Алдымен Қазақстан чемпионы «Семей» Венгрияның «Халадаш» клубын кездесіп, тас-талқан етіп ұтты, есеп – 6:1. Бұл матчта «Семей» сапынан бірінші голды Феррао соғып, ойынның нүктесін де өзі қойды.
«СЕМЕЙ» - «ХАЛАДАШ»
Осылайша үшінші топта «Семей» командасы үшінші орын алды.
Ал Алматы ұжымы азулы «Спортингтің» әуселесін байқап көрді.
Марлон Веласко алаңға мына құрамды шығарды: Деннис, Эдсон, Денер, Кайо Руиз, Отанья — Серіков, Кнауб, Рашит, Занотто, Тұрсағұлов, Сәрсенбаев, Арриета, Карпюк, Алиссон.
Матчтың есебін қонақтар ашты. Бірінші таймда Тайнан мен Гильерме мергендігімен көзге түссе, алаң иелерінің сапынан Кевин Арриета бір голмен жауап қайтарды. Екінші кезеңде Алиссон таразы басын теңестірсе, кейіннен қақпашы Деннис жеңіс голын соқты — 3:2.
«ҚАЙРАТ» - «СПОРТИНГ»
Төртінші топта 9 ұпай еншілеген «Қайрат» көш бастаса, «Спортинг» 6 ұпаймен екінші орынға тұрақтады.
Чемпиондар лигасында енді төрт топ өзара элиталық раундта бақ сынайды. Ал жеңімпаз Төрттік финалға шығады. Бұл Чемпиондар лигасына Қазақстан, Португалия, Испания және Хорватиядан ғана екі клубтан қатысып отыр.
Элиталық раундтың жеребе тарту рәсімі 31 қазанда өтсе, матчтар 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді.