Ол жақсы нәтиже тек уақытпен келетінін айтады
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, бүгінде «Астана» клубының техникалық директоры Самат Смақов футболдан ұлттың құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтің жұмысын сынамас бұрын оған аздап уақыт қажет деп санайды.
Өздеріңіз білетіндей, тізгінді маусым айында алған ресейлік бапкердің шәкірттері Ұлттар лигасында төрт ойынның үшеуінде жеңілді. Әлі күнге ұлттық құрама бірде-бір гол соққан жоқ. Көпшіліктің футболшылардың ойын өрнегіне де көңілі толмай жүр. Сондықтан жанкүйерлер бас бапкердің қызметінен кеткенін талап етуде.
«Черчесовті басшылық тағайындап отыр. Станислав Саламұлы бапкер ретінде де, ойыншы ретінде де өте тәжірибелі. Әрине, нәтижені жанкүйердің бәрі талап ететіні рас, көпшілік бұрынғы жылдардағы табыспен салыстырып жатыр. Бірақ жақсы нәтиже тек уақытпен келеді. Сондықтан күте тұру керек деп ойлаймын. Ал бағаны іріктеу маусымының қорытындысы бойынша федерация басшылығы мен БАҚ өкілдері береді. Бізде адамдар бәрі бірден бола салғанын қалайды. Ешкім бапкерлерге уақыт, мүмкіндік бергісі келмейді. Ал спорттың кез келген түрі жүйелі жұмысты талап етеді», - дейді Смақов.